Қазақстанның барлық қалаларында «Ғылымға қызмет көрсету орталықтары» ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің барлық қалаларында келесі жылы Ғылымға қызмет көрсету орталығы ашылып, тың мекеме барлық ғалымдар үшін жұмыс атқармақ. Бұл туралы ҚР БҒМ вице-министрі Асланбек Амрин Астанада «Ғылым мен бизнесті біріктіру құралы ретінде технологияларды коммерциаландыру» форумында мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Вице-министр өз сөзінде қазақстандық ғылымға тың тыныс беру үшін ҚР БҒМ нақты іске көшкенін атап өтті.

«Біз барлық бизнес жобаларды сараптай отырып, барша өтінімдер мен шағымдарды зерттей келе, негізгі мәселе - өзімнің сөзім бойынша келтіргенде «саңырау телефонда» деп ойлаймнын. Демек, бұл бір-бірімізді түсінбеудің кеселі. Қандай шешімді ұсынамыз. Біз 2018 жылы мемлекеттік-сараптамалық орталығы мен оның барлық филиалының базасы бойынша Ғылымға қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отырмыз», - дейді Асланбек Амрин.

Вице-министр өз сөзінде орталық арқылы ғалымдар халықаралық базаларға еніп, гранттарға өтінім беру тұрғысынан кәсіби кеңес ала алатынын айтады.

«Сондай-ақ, орталықта ғылыми мақалаларды кәсіби тұрғыда жариялаудың жолдарын көрсету, жобаларды коммерциаландыру бойынша маркетингтік қолдау, ғылыми ақпараттарды таңдау мен сараптау тұрғысындағы терең талдау, ғалымдар үшін ІТ-технологиялар мен жаңа қызметтерді таныстыру қызметтері көрсетіледі. Ғалымдарға бұл үшін Астана немесе Алматыға бару міндетті емес. Өзге де қалалардағы филиалдар ғалымдар үшін ашылады», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада «Ғылым мен бизнесті біріктіру құралы ретінде технологияларды коммерциаландыру» тақырыбында форум өтіп жатыр. Форумға қатысушылар ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің дамуындағы өзекті мәселелерді талқылап, ғылым мен бизнестің қарым-қатынасын тәжірибе жүзінде іске асыру жолдарын қарастыруда.

Соңғы жаңалықтар