Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы болашағы зор - Бернд Халлиер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өтіп жатқан «Almaty invest-2016» халықаралық форумының қатысушылары мегаполиске инвестиция тарту мәселесін қызу талқылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі форум алаңынан.

Жиында «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген  Еуропа сауда институты, Еуропа ретэйл академиясының жетекшісі Бренд Халлиер аталған форумның Қазақстан экономикасын тартымды етіп көрсетуде зор үлес қосатынын айтты.

- Бренд мырза, Алматыда өтіп жатқан форум сіз үшін несімен пайдалы?

- Бұл Алматы үшін өте маңызды форум. Себебі, көпшілік инвестиция Астанаға қарай тартылады деп ойлайды. Форумға қатысушылар мұнда келгеннен кейін, Алматыда инвестиция салуға болатын нысандар бар екеніне көз жеткізді.

Форумнан кейін мен ұйымдастырушылармен онлайн-режімде байланыс орнатамын. Келесі форумға Германиядан 20-30 қатысушы әкелемін.

-Қазақстанда қай салаға инвестиция салу тиімді деп ойлайсыз?

- Логистика, тамақ өнеркәсібі. Сонымен қатар, органикалық өнімдер өндіру, табиғи, экологиялық таза тамақ өндірісі, алма, күріш, тағы басқа да Қазақстан бере алатын ауыл шаруашылығы өнеркәсібі инвесторлар үшін тартымды болмақ.

Меніңше, ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанның болашағы зор, сондықтан, ауыл шаруашылығы жобаларын дамытуға мән беру керек. Сіздердің елдеріңіздің әлемдегі ірі агромәдени кластерге айналуға әлеуеті жетерлік.

-Қазақстан қандай брендтерімен танымал?

- Қазақстан туралы Астана, Байқоңырды біледі. Бұдан да танымал бола түсу үшін шетел БАҚ-тарына жиі жариялану керек.

Айта кетейік, Бернд Халлиер форумның панельдік талқылауында Қазақстанда Халықаралық университет құруға мүдделі екенін жеткізді. Ол ЖОО Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан туралы баяндамалар жасап, нақты ақпараттар ұсынумен айналыспақ.

Бүгін Алматыда Ritz-Carlton қонақ үйінде Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Almaty invest-2016» форумы өтіп жатыр.

Жалпы форумға беделді саясаткерлер, әлемдік және отандық бизнес көшбасшылары, инвестициялық корпорациялардың басшылары, қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардан барлығы 500-ге тарта жоғарғы қызметтердегі мамандар келді.

Форумда сауда және қызмет көрсету саласы, тамақ өнеркәсібі, іскерлік туризм, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және индустриалдық даму секілді 5 басым бағыт бойынша Алматы қаласының инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды. 

Соңғы жаңалықтар