Қазақстанның әнші-әртістері қазақ күресінен өзара мықтыны анықтайды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда өнер адамдарының арасында қазақ күресінен жарыс өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, мұндай шара өңірде тұңғыш рет өткізілгелі отыр. Жарыс сәуір айының соңына қарай жоспарланған.

«Қостанайдағы қазақ драма театрының әртісі Төленді Әлқожа өнер адамдарының арасында спорт бәсекесін өткізу туралы ұсыныспен келді. Біз бұл идеяны қолдадық. Бір жағынан «Өнер барысы» қайырымдылық үшін ұйымдастырылады. Жарысқа қатысушылар мен көрермендерден түскен қаржы «Жизнь на ладони» қайырымдылық қорына жіберіліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек ретінде беріледі. Күрес қатысушыларына мәдениет басқармасы естелік сыйлықтар тапсырады», - деді Е.Қалмақов.

Жарыстың өткізілу барысы мен шарттары туралы агенттік тілшісіне Төленді Әлқожа айтып берді. Оның сөзінше, «Өнер барысы» - өңірде қазақ күресін насихаттаудың бір жолы.

«Біз өткізгелі отырған бұл жарысты «Рухани жаңғыруды» іспен көрсетудің үлгісі дер едім. Өйткені, Елбасы айтқан ұлттық код өзіміздің руханиятымызбен астасып жатыр. Осы тұста ұлттық өнеріміз - қазақ күресінің кеңінен дәріптелуі құптарлық іс деп ойлаймын. Расын айту керек, қамкөңіл жандарға көмек көрсетуді екінің бірі жасай бермейді. Сол үшін де рухани сілкініс керек секілді. Әр адам өзінен бастауы тиіс. Бір жағынан, мәдениет саласында жүрген жігіттердің спорттан алшақтап кетпеуіне де үлес қосқымыз келді. Бізді қолдаған билік өкілдеріне алғыс мол», - дейді идея авторы.

Төленді Әлқожа айтқандай, өнерпаздар 65 келіге дейін және одан жоғары салмақта сынға түседі. Жарысқа 20-40 жас аралығындағы әуесқой спортшылар қатыстырылады. Олардың арасында театр және кино әртістері бар. Бұған қоса, «Өнер барысына» елімізге танымал әншілер шақыртылды. Ал төрешілер құрамын облыстық спорт басқармасы бекітеді.

Соңғы жаңалықтар