«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Үздік бестікте кімдер бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның 100 жаңа есімін» анықтау үшін 100esim.el.kz сайтында онлайн дауыс беру қызу жүріп жатыр. Осы орайда «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі спорт, ғылым, мәдениет, бизнес, медицина және қоғам категориялары бойынша ең көп дауыс жинаған үздік бестіктің қатарында кімдер барын анықтап көрді.

Еске сала кетсек, 100esim.el.kz сайтында онлайн дауыс беру 18 қазанда басталған болатын. Жобаға таңдалған 302 адамның 32-сі - мәдениет,  83 - қоғам, 51 - бизнес, 46 - медицина, 47 - ғылым және 43 - спорт саласының өкілдері. Дауыс беру 10 қарашада аяқталады.

Осы күнге дейінгі нәтижені сараласақ. Дауыс беру басталғалы бері спорт санатында Әсел Мұстафина 504 дауыспен көш алдында келе жатыр. Одан кейінгі орындарда Серік Есматов (375 дауыс), Ақжүрек Таңатаров (252), Зүлфия Ғабидуллина (191), Бауыржан Исламхан (174) тұр.

Ғылым саласында 451 дауыс жинаған Қуаныш Жұмабеков 47 адамның арасында бірінші орында келеді. Қуаныштан кейін Зарина Сауытбаева (216) мен Айболат Естеміров (176) жайғасқан. Аталмыш санатта «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарына енуге Мақсат Жабағин (164) мен Жанар Байсейітованың да (161) мүмкіндігі бар.

Мәдениет пен бизнес саласы бойынша дауыс берушілер айтарлықтай белсенділік танытар емес. Мәдениет санатында үздік бестікті Алексей Ладочников (272), Ерлан Бақтыгерей (116), Малика Мұхтарова (114), Ордабек Дүйсен (206) мен Светлана Лузина (99) құрайды. Ал бизнесмендердің алдыңғы бестігіне Рауан Кенжеханұлы (134), Қайрат Молдасейітов (124), Бақтыгүл Қасымова (88), Геннадий Зенченко (77) мен Әбдібек Пошкаев (72) енген.

Көпшілік қауым ақ халатты абзал жандарға алғыстарын берген дауыстарымен білдіргісі келіп жатқан секілді. Алты сала бойынша ең көп дауыс жинаған үміткер де осы категорияда. Атап айтқанда, Алмат Қодасбаев 1489 дауыспен қазіргі уақытта осы жобаның ең бірінші орнында тұр. Әріптестерінің ізін ала Ләззат Айтқожина (1167), Жасан Зекейұлы (476), Болатбек Баймаханов (371), Тілеуберді Қуандықов (175) келеді.

Қоғам саласына да дауыс берушілердің қатары аз емес. Ол саладағы Сембек Сейдазимов 1373 дауыс жинаса, одан кейінгі төрттікті Оразалы Сәрсенов (529), Ержан Жұмабек (434), Бекзат Алтынбеков (418) пен Бахаргүл Төлеген (326) толықтырған.

Соңғы жаңалықтар