Қазақстанға салынған Қытай инвестициясының көлемі 7 есе артты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - 2016 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы Қытайдан келген тікелей инвестиция ағыны 623,9 млн. долларды құрады.

 Бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 есеге көп. Бұл жайында ҚазАқпарат finprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Алайда кері бағыттағы сауда белсенділігі құлдырау үстінде. Қазақстаннан Қытайға жалпы инвестиция ағынының көлемі бір жылдың ішінде 3 пайызға кеміп, 2016 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 41,1 млн. долларды құраған.

Қазақстанның Қытайға жалпы сыртқы қарызы 12,3 млрд. доллар (2016 жылдың қыркүйек айының соңы) деңгейінде қалыптасып отыр. Оның негізгі бөлігі банктік емес қаржылық ұйымдар мен қаржылық емес ұйымдарға, үй шаруашылығы мен коммерциялық емес ұйымдарға тиесілі.

Қытай Қазақстанның басты 4 сауда серіктестерінің бірі. 2015 жылдың соңында екі елдің арасында көлік инфрақұрылымы, сауда, қайта өңдеу өнеркәсі, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың  кластерлік аймақтарын құру бойынша 5 келісімге қол қойылған.

Қазақстан бұл елге азық-түлікті арзанға сата бастады. 2016 жылдың қаңтар-қарашасында Қытайға жеткізілген азық-түлік өнімдері экспортының көлемі 115,5 млн. долларды құрады. Бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 28 пайызға кем. Еліміз Қытайға негізінен астық, майлы дақылдар, күнбағыс тұқымын, май мен нан экспорттайды. Ал Қытайдан Қазақстанға цитурс жемістері, қызанақ, алма, алмұрт және шабдалы жеткізіледі. 2016 жылдың қыркүйек айының соңында Қазақстанның  Қытай алдындағы азық-түлік  тауарлары саласындағы міндеттемесі нөлге дейін қысқарды.

Қытайға минералдық өнімдер, сондай-ақ отын-энергетикалық тауарлар экспорты кеміді. Бір жылдың ішінде ол 33 пайызға құлдырап, 2016 жылдың қаңтар-қарашасында 133 млн. долларды құрады.  Бұл саладағы негізгі экспорттық тауарлардың қатарында шикі мұнай, газ, күкірт және кен бар. Қорғасын  кенінің экспорт көлемі 4,3 пайызға өсті.

Соңғы жаңалықтар