Қазақстанға деген сүйіспеншілігімді жүрегімнің төрінде мәңгілікке сақтаймын - - Вилорий Шин

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бауырына талай ұлтты сыйғызып, айрандай ұйып отырған қазақ жерінің бір бөлшегі - Сыр елі. Күрішті өңірде әр ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Жүрегі қазақ деп соққан, педагогиканы өмірлік мақсатына айналдырған «Қызылорда кәрістер қауымдастығы» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Вилорий Николаевич Шин туралы ҚазАқпарат тілшісі баян етеді.

Бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаған Вилорий Николаевич 1936 жылы Хабаровск қаласында дүниеге келген. Ол өзінің қиын-қыстау, талайлы тағдырын былайша еске алады: «Жасқа толғанда әке-шешем репрессияға ұшырап, біз Қазақстанға жер аударылдық. Мен ол кезде есімді білмеймін, кішкентай сәби болатынмын. Сол кез корей халқы үшін ең қиын қыстау шақтар болды. Өкінішке орай, өзім «ана, әке» деген сөзді айтқан емеспін. Себебі олардан 1 жаста болғанымда айырылдым. Әкем мен анамның түрін көру мен үшін арман еді. Не дегенмен өмірден жасымадым. Ата-әжем мен Сұлутөбе станциясындағы немере ағам Иннокенти Цхайдың қолында тұрып, М.Ломоносов атындағы орта мектепте білім алдым. Жас кезімнен спортты жақсы көретінмін. Спорт менің ұстаз атануыма үлкен септігін тигізді.  Алғашында Қазалы ауданындағы №16 мектептің еңбек және сызу сабағынан дәріс бердім. Сонан соң дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болдым. Жалпы өмір жолымдағы жеткен жетістіктерім үшін қазақ еліне, оның қонақжай халқына басымды иіп өтем. Қазақстанды өзімнің Отаным, өскен жерім дей отыра, осы елге деген сүйіспеншілігімді жүрегімнің төрінде мәңгілікке сақтаймын.  Біз қазақ халқына шынында борыштармыз. Қазақ­ халқы репрессияға ұшырап, қазақ даласына жер аударылған бар­лық ұлыстарға туғанындай жәрдем­десті. Ата-бабаларымыз «Қазақ­тарды сыйлаңдар, біздің тірі жүр­геніміз, сендердің амандық­тарың тікелей бауырмал қазақ халқының арқасы», дейтін. Сол қамқорлықты бүгінгі буын да жақсы сезінеді. Қазақ ағайынның қамқорлығын көрген барлық ұлт, ұлыс өкілдері де осы ойда деп ойлаймын, оларға деген біздің алғысымыз шексіз», - дейді ұлағатты ұстаз өткенін еске алып.

Вилорий Николаевич еңбек жолын Қазалы ауданындағы №16 мектептен бастады. Білім ордасында бірнеше жыл еңбек етіп, он бес жыл көлеміндей мектепті жоғары деңгейде басқарды. 1970 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп, диплом алып, білімін одан әрі жетілдірді. Өз ісінің хас шебері, шәкірттердің бойына білім нәрін сіңіру жолында аянбай тер төкті. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам - мұғалім. Ендеше, өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде бақытты болып, өзгелерді бақытқа жеткізем деп еңбек еткен оның жөні де, жолы да бөлек. Бүгінгі таңда ұлағатты ұстаз, ардақты әке, асыл ата Вилорий Шиннің шәкірттері елдің әр аймағында беделді қызмет атқарып жүр. Бірі -Шәкен Айманов атындағы қазақ киностудиясының продюссері, бірі - ақ халатты абзал жан, енді бірі - газ саласының білікті маманы, тағы бірі -экономист. Атап айтқанда, Ертай Рахманбердиев, Бауыржан Ақанов, Ислам Бекішов, Қайрат Асанбаев, Берік Серікбаев, Әкімжан Әбішев, Ондасын Аймаханов, Равиль Шәріпқұлов, Нағима Күнбергенова, Серік Тоқтаболатов, Нұрсұлтан Назаров және тағысын тағы жігерлі де қайратты шәкірттерді тәрбиеледі. Бүгінгі күні олар ұстазына барлық жағынан қолдау көрсетіп, рухани көмектерін аямай жүр. 2016 жылдың қазан айында Вилорий ақсақалдың 80 жасқа толған мерейтойы болып өтті. Оған Ресей Федерациясы мен  шет елдерден ат терлетіп өзі білім нәрімен сусындатқан шәкірттері келді. Ұстаздарына деген ризашылығы мен сый-сияпаттарын көрсетті. 

Вилорий ұстаздың шәкірті Қазалы ауданының экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің экономисі Қазынагүл Бәкеннің айтуынша, «Вилорий ағай мен үшін Сыр елінің зиялы азаматтарының көшбасшысы дер едім. Ол өз ақыл парасатымен жастарға үлгі-өнеге бола білді. Оның Қазалы ауданының дамуына қосқан үлесі мол. Біз Вилорий ұстаздан сабақ алдық, ол кісі тәлім берген әрбір шәкіртінің бойына адамзаттық құндылықтарды дарытты. Біз өмір бойы ол кісіні ардақтап өтеміз және осындай зерделі де зерек ұстаздың шәкірті болғанымызға мақтанамыз. Біз 1981 жылы 47 түлек мектепті тәмамдадық. Әлі күнге дейін ол кісімен хабарласып, жағдай білісіп, жақын бауырдай болып кеттік» деді.

Ол зейнетке шыққаннан кейін де қаладағы №6 орта мектепте сабақ беріп, мемлекет және құқық пәнінің мұғалімі болды. Педагогикадағы адал қызметі жоғары бағаланып, Қазақ ССР-нің білім беру ісінің үздігі атанды. Бірнеше мәрте республикалық педагогикалық оқуларға қатысып, өзінің бай тәжірибесімен бөлісуден жалықпады. Вилорий ұстаз үшін ең үлкен марапат 2014 жылы Елбасынан алған «Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін дамытуда қосқан үлесі үшін» берілген «Құрмет грамотасы» болды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Вилорий Шин Қазақстан халқы Ассамблеясының даму жолында өз үлесін қосып, жалпыхалықтық бірлікті нығайтудағы еткен еңбегі бағаланып, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйытқысымен «Қазақстан патриоты» номинациясын иеленді.

Жоғарыда айта кеткендей, Вилорий Шиннің облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының дамуына қосқан үлесі зор. Ол достық қарым-қатынас пен ауызбірлікті бірінші кезекке қояды. «Қызылорда кәрістер қауымдастығы» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Вилорий Шиннің қазақтармен құда болғанына 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Өзге этнос болса да, жүрегі қазақ деп соғатын ақсақал былай деп айтады: «Біз қазақ халқымен бірге біте қайнасып, асық ойнап, мал бағып, айран ішіп, нан жауып өстік. Елдегі қуанышты да, қайғыны да бірге көрдік. Қазақстанда тұратын әрбір этнос өкілдерінің бір-бірімен қарым-қатынасы, ынтымақтастығы жоғары. Қандай жағдайда да біз бәріміз бірігіп, әрбір шараны бір үйдің баласындай атқарамыз. Елбасымен жүздескен кезде ол кәріс этнос өкілдерін «Біздің төртінші жүзіміз» деген болатын. Расында еліміз барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасап отыр. Соның ішінде әлемде теңдесі жоқ бірден-бір құрылым - Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, оны жетілдіру, басқа елге үлгі ету Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі. Облыста 11 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Олар мемлекеттік саясатты қолдап, аймақтың өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымен жүздесу бізге үлкен күш-қуат, жігер сыйлады. Бүгінгі күні біздің бірлестік ұмыт болған салт-дәстүрімізді, ауызекі сөйлеу, жазу мәселелеріне мән беріп, осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Негізінде мен өзім кәріс болғаныммен өз тілімді жете білмеймін. Туған тілім - қазақ тілі мен орыс тілі деп айтамын. Мен қазақ елінің патриотымын. Патриот деген ұғымды баланың бойына сәби кезінен сіңіру керек. Патриот болу Отанды сүюмен ғана шектелмейді. Ол үшін бала кішкентай кезінен өзінің отбасын, өз ауылын, білім алған оқу ордасын, оны тәрбиелеп өсірген ата-анасы мен ұстаздарын шын ниетімен, жүрегімен сүюі керек. Сонда ғана адам нағыз патриот бола алады.

Біздің облысқа көбіне Корей Республикасынан арнаулы орталықтар келіп, кішігірім кездесулер өтіп тұрады. Сондай кездесудің бірінде маған корей журналисі былай деп сұрақ қойған болатын «Сіз, Оңтүстік Кореяның халқын жақсы көресіз бе, әлде Солтүстік корей  халқын жақсы көресіз бе?» деп. «Мен бейбітшілікті жақсы көремін» деп қысқа жауап бердім. Ол жауабыма қанағаттанбай кетті. Бұнымен айтпағым, біз қазақ жерінде өмір сүргендіктен ой-санамыз басқаша, өйткені біз «Достық мекенінде» тәрбиеленгенбіз. Ал, олар өзгеше тәлім-тәрбие алған» дейді ақсақал.

Біз қазір жүздеген этнос өкілдері бас қосқан елміз. Арамызда орыс та, неміс те, шешен де бәрі бар. Біздерді бір тағдыр түйістірді. Бір шаңырақтың астында бірге түтін түтетіп жатқаннан кейін бізге қазақ пен қазақтың да, қазақ пен басқа отандасымыз арасында достық та өте қажет.

«Мұнсыз елдің ертеңін, жарқын болашақты елестету қиын. Қазақ елінің бүгінгі тізгінін ұстап отырған Елбасымыз да «Бір болайық. Бір болмасақ, тоз-тозымыз шығып, елдіктен айырыламыз» дегенді жиі қайталайды. Ел алдында тұрған жарқын мақсатқа ел бірлігін сақтай отырып қана жететінімізді ұдайы ескертіп келеді. Халықтың сөзіне қарағанда бақ дегенің кез келген жерге табан тірей бермейтін көрінеді. Ынтымақ, ауызбіршілік, жарасымдылық ұялаған жерге барып қонақтайды. Сол бақ қазір Қазақ елінде. Осы бақты сақтау үшін біз бәріміз бірлігімізге бекем болайық»,- дейді жүрегі қазақ деп соққан Вилорий Николаевич.

Соңғы жаңалықтар