Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен Швеция Корольдігі Парламентінің төрағасы келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің шақыруымен Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен Швеция Корольдігі Парламентінің төрағасы Урбан Алин келді, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

Палата спикері атап өткендей бұл екіжақты парламентаралық қарым-қатынас үшін өте маңызды және ол екі мемлекеттің жаңа деңгейдегі өзара ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге деген ынталылығын білдіреді.

Мәжіліс төрағасы аталған мемлекет Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды әріптесі екенін алға тарта келіп, дипломатилық қатынас орнаған 25 жыл ішіндегі жетістіктерге тоқталды.

«Осы уақыт ішінде елдер арасында сындарлы байланыс орнады. Екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 310 млн. доллардан асты. Біздің елімізде шведтік капиталдың қатысуымен жұмыс істейтін 50 кәсіпорын бар»,-деді ол.

Тараптардың пікірінше, Қазақстан мен Швеция арасында экономикалық әріптестікті одан әрі күшейтудің әлеуеті зор. Әсіресе, ауылшаруашылығы, ғарыштық өнеркәсіп, энергетика, фармацевтикалық өндіріс, білім, тау-кен, тұрғын үй салалары басым бағыттардың бірі. Ал, ғаламдық мәселелер төңірегінде Мәжіліс спикері Қазақстанның ядролық қарусыздану және оны таратпау жолындағы бастамаларына айрықша назар аударып, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзатты ядролық қарудан азат әлем құруға үндеп келе жатқан шешімдері мен батыл қадамдарына тоқталды.

Осы ретте әлемдік қатерге айналған терроризм мен лаңкестік мәселесі де назардан тыс қалмады. Өз кезегінде мәртебелі мейман қазақ елінің қонақжайлығы үшін шексіз алғысын жеткізе келіп, Қазақстан Президентінің маңызды стратегиялық бастамалары, соның ішінде, ядролық қаруды таратпау жөніндегі нақты іс-қимылы Швеция тарапынан зор қолдауға әрі құрметке лайық екенін атап өтті.

Одан әрі тараптар парламентаралық әріптестікті нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады. Бұл орайда бейінді комитеттер арасындағы байланысты күшейтіп, заң шығару жұмысында етене тәжірибе алмасудың маңызы өте зор. Мәжіліс Спикері Швеция Корольдігі Парламенті төрағасының алғашқы ресми сапары елімізде өте маңызды кезең - бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі аясында өткізіліп жатқанын атап өтсе, Урбан Алин Қазақстанда бұл көрменің өте табысты өтетініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар