Қазақстандықтың түсірген фильмі Канн фестивалінің Short Film Corner секциясында көрсетілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жас режиссер Диас Әзімжановтың «УльтиО» (ULTIO) атты қысқаметражды фильмі Қазақстан атынан Канн фестивалінің Short Film Corner секциясында көрсетіледі, деп xабарлайды ҚазАқпарат «Болашақ» қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«УльтиО» - жас жұбайлар, ата-ана және балалар арасындағы күрделі қарым-қатынастарды көрсететін мистикалық элементтері бар отбасылық псиxологиялық драма.

«Фильмнің Cannes Festival Short Film Corner фестиваліне түсуі оны әлемдік киноиндустрия және инвесторларға таныстыруға мүмкіндік береді. Біз сонымен қатар Cinefondation секциясына қатысуға өтініш бердік. Онда тек академиялық кинематографиялық білімі бар сценаристер мен режиссерлер ғана қатыса алады. Аталмыш беделді секцияға іріктелгеніміз немесе өтпегеніміз туралы ақпарат сәуір айының ортасында белгілі болады», - дейді режиссер әрі сценарист Диас Әзімжанов.
 

Short Film Corner секциясында 2017 жылы әлемнің 100 мемлекетінен шамамен 2 мыңға тарта қысқаметражды фильм көрсетіледі. 

«Қазақстан, Ресей және АҚШ бірлесіп түсірген фильмге өзге де қазақстандық жас таланттар атсалысты. Мысалы, фильмнің музыкасын атақты композитор Асқар Шафи жазды», - дейді ол.

Биыл мамыр айында Диас Әзімжанов пен Дәурен Төлеуxанов Канн фестиваліне аттанады.

Соңғы жаңалықтар