Қазақстандықтар зейнетақы аннуитетін сатып ала алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 миллион теңгелік зейнетақы жинағын жинап алған қазақстандықтар зейнетақы аннуитетін сатып ала алады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырғаннан кейін тілшілердің сауалына жауап берген ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Егер адам зейнетке шығып бара жатса және оның БЖЗҚ-да жиналған қаражатын кесте бойынша ала алады немесе ол зейнетақы қорындағы ақшасын сақтандыру компаниясына аударып, зейнетақы аннуитетін сатып ала алады. Бұл жағдайда сақтандыру компаниясы оны зейнетақымен қамтамасыз ету жауапкершілігін өзіне жүктейді. Демек, бұл адам зейнетақы аннуитетін сатып ала отырып, өзін өмірлік зейнетақымен қамтамасыз етеді», - дейді Жанат Құрманов.

Зейнетақы аннуитетінің бағасы туралы айта отырып, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары сақтандыру компанияларының өзі маңызды есептерді келтіре алатынын жеткізді.

«Қазіргі уақытта заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып, зейнетақы қорындағы болуы керек соманың мөлшері әйелдер мен ер адамдарға 10 миллион теңгеге жетіп отыр. Демек, егер өзіңіздің зейнетақы қорыңызда осы соманы жинап алсаңыз, сіз зейнетақы аннуитетін сатып алуға құқылысыз», - дейді Жанат Құрманов.

Соманың көптігін Жанат Құрманов компанияның өмір бойы зейнетақыны өтеп отыратынымен түсіндірді.

«Әлбетте, қазіргі уақытта аз мерзімнің ішінде осыншама соманы жинап алуға көптеген адамда мүмкіндік жоқ. Зейнетақы аннуитетіне қазір көп адамның қол жеткізе алмайтыны белгілі. Біздің заң жобасы арқылы қазір компанияға қаржы аударатын адамның алданып қалмауы керектігі бойынша кепілдік жұмысын шешіп жатырмыз. Бұл кепілді Сақтандыру төлемдерінің кепілдік қоры беретін болады», - дейді ол.

Қазіргі уақытта аталған мәліметтерге сәйкес, нарықта 32 сақтандыру компаниясы еңбек атқарса, оның 7-уі денсаулықты сақтандыру бағытында жұмыс атқарады.

«Дәл осы аталған компанияларзейнетақы жинағын жүзеге асыру бойынша жұмыс атқарады. Егер компания банкротқа ұшырап, беретін активі қалмаса, бұл төлемді Сақтандыру төлемдерінің кепілдік қоры бөлетін болады. Қазір ол қор жұмыс атқарып тұрғанымен, міндеттеменің үш түрі бойынша ғана жауап береді. Атап айтқанда, авто көлік жүргізушілерінің сақтандыруы, тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы міндеттемелері және туроператорлар мен агенттіктердің міндетті сақтандыруы», - дейді Жанат Құрманов.

Соңғы жаңалықтар