Қазақстандықтар тістерін өздері жұлатын жағдайға жетуі мүмкін - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Меруерт Қазбекова стоматология саласында алаңдататын мәселелер бойынша Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа сауалын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақ жол» депутаттық фракциясына жеке медициналық мекемелер өздері атқарып отырған стоматологиялық қызметтерді қатаңдату мәселесі бойынша пікірлерін айтып жатыр. 2016 жылғы 12 желтоқсандағы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасында стоматологиялық көмекті көрсетуді ұйымдастырудың стандарты бекітілді. Енді жаңа стандартқа сәйкес, стоматологиялық ем-домды тек стоматолог мамандығы бойынша жоғары білімі бар дәрігерлер ғана жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, бүгінде жеке стоматологиялық кабинеттерде медициналық колледждер мен техникумдарда, яғни орта арнаулы білімімен дантист және тіс дәрігері бағытында оқығандар басымдыққа ие»,-деп тоқталды Қазбекова.

Депутаттың сөзіне қарағанда, орта арнаулы білімі бар стоматологтардың көбі 10-25 жыл аралығында тәжірибе жинақтап үлгерген, сондай-ақ олар бүгінде жоғары және бірінші дәрігерлік санаты бар тәжірибелі мамандар болып табылады. Дегенмен де министрдің жоғарыда аталған бұйрығымен көп жылдардан бері тәжірибе жинақтаған білікті дәрігерлер өз бетінше стоматологиялық қызметтерді көрсету құқығынан айырылып отыр.

«Сонымен бірге осыған дейін қызмет етіп келген аумақтар тіс дәрігерінің көмегінсіз қалады. Мәселен, ірі ауылдық жерлерде 1-2 стоматологиялық кабинет бар. Енді азаматтар орталықтандырылған клиникаларға баруға мәжбүр болады, осыған өздерінің уақытын жұмсап, әуреге түседі. Кейбіреулері орталықтан қашық жерде тұратындықтан немесе қаржының жоқтығынан тістерін емдеудің орнына, санитарлық нормаларды бұза отырып, ауыратын тістерін өздері жұлатын жағдайға баруы мүмкін»,-деді М. Қазбекова.

Осы орайда ол министрге аталған стандартты қайта қарап шығу өтінімін жасады.

Соңғы жаңалықтар