Қазақстандықтар пара беруді азайтты - сауалнама

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда өз мәселесін пара арқылы шешуге тырысатын адамдардың саны азайып келеді. "Trancparency Kazakhstan" қоғамдық қоры өткізген әлеуметтік зерттеу осыны айғақтайды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Зерттеу нәтижесі Қарағанды қаласында өткен форумда жарияланды.

"Біз арнайы зерттеу жүргіздік. Оған сәйкес, бұрын пара берген адамдардың үштен бірі өз көзқарасын өзгертіп, біреудің алақанын майлауды қойды. Бұның өзі азаматтардың жемқорлықтан аулақ жүруге тырысатынын көрсетіп отыр. Олардың көзқарасы өзгерді. "Пара берген дұрыс емес" деген нақты азаматтық ұстаным қалыптасты", - деді қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының арнайы мониторинг тобының мүшесі Марат Шибутов.

Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жандос Сәрсеновтың ойынша, мұның барлығы - жемқорлыққа қарсы тиімді жұмыстың нәтижесі. Профилактика да өз септігін тигізіп отыр.

"Біз жоғары оқу орындарын аралап, студенттерге сессияны «ақшамен шешкен» дұрыс емес екендігін үнемі түсіндіріп отырамыз. Оқу орындарында арнайы омбудсмендер бар. Ол қызметті департамент қызметкерлері атқарады. Олар студенттер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Облыс бойынша 120 баннер орнатылды. Автобус аялдамалары мен xалық көп жүретін жерлерде дауыс зорайтқыштары арқылы жемқорлықтың қаншалықты зиян екенін түсіндіріп тұрамыз", - деп атап көрсетті Сәрсенов.

Айта кетейік, 9 желтоқсанда әлем елдері Халықаралық жемқорлыққа қарсы күнін атап өтеді. 2001 жылы Мексикада өткен БҰҰ-ның Бүкіләлемдік конференциясында тиісті конвенция қабылданған болатын.

Соңғы жаңалықтар