Қазақстандықтар бір апта ішінде утилизацияға қанша машина тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ескі көліктерді қабылдауға арналған бағдарлама аясында қазақстандықтар бір аптаның ішінде 188 машина тапсырып, әрбір темір тұлпары үшін 150 мың теңге алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағдарламаның үйлестірушісі - "ӨКМ Операторы" ЖШС мәліметіне сәйкес, утилизацияға түскен көліктердің басым бөлігі 25-30 жыл бұрын шығарылған.

Олардың ішінде «ВАЗ»-дар, «ГАЗ-3110», «Москвич-2140», ал шетелдік көліктерден «Mazda 626» жиі кездеседі.

"Ең ескі көлік - шыққанына 70 жылдан асқан «Москвич», ал жаңалардың арасында 2007 жылғы "ВАЗ-2104" көлігі бар. Бүгінде Қостанай қаласы ескі көліктерді тапсыру жағынан оқ бойы озық тұр. Бір аптаның ішінде 38 машина тапсырылды. Ал Ақтау мен Атырауда бір-бір көліктен ғана утилизацияға берген", - делінген ресми xабарламада.

Айта кетейік, өткен аптада утилизациялау бағдарламасы аясында ескі көліктерді қабылдау жұмыстары басталды. Ол үшін республиканың 17 қаласында қабылдау бекеттері ашылды.

"ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) Операторы" ЖШС басқарушы директоры Рустам Темірбековтың айтуынша, жылдың аяғына дейін 10 мың көлікті қабылдау жоспары бар. Оған бюджеттен квота, яғни тиісті қаражат бөлініп отыр. Бағдарлама аясында 3,5 тоннадан аспайтын жеңіл көліктер қабылданады. Ал утилизациялық төлемнің көлемі автомобильдің теxникалық жағдайына қарай белгіленеді. Толық комплектациясына 150 000 теңге берілсе, істен шыққан көліктер үшін 48 000 теңге төленеді.

"Ескі көлікті тапсыру үшін алдымен сол аймақта квотаның бар жоғын тексеріп алу қажет. Сондай-ақ www.avto.recycle.kz сайтынан көліктің қай санатқа жататынын білуге мүмкіндік бар. Дәл қазір біз есікті бөлек, шанақты бөлек есептеп жатқан жоқпыз. Әзірше, екі-ақ категория бар. Ол - 150 және 48 мың теңгенің өтемақысы", - дейді Р.Темірбеков.

Оның сөзіне қарағанда, бағдарлама аясында ескі көлікті қабылдау бекетіне дейін жеткізу қызметі қарастырылмаған. Сондықтан көлік иесі оны өз күшімен алып келуі тиіс. Алайда кейбір жерлерде ескі көліктерді жинап, бірден қабылдау бекетіне жеткізуге ниетті кәсіпкерлер бар.

Соңғы жаңалықтар