Қазақстандықтар 2017 жылы неше күн жұмыс істейтіндері белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сайтында 2017 жылға арналған өндірістік күнтізбе жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, 2017 жылы бес күн жұмыс істейтін азаматтар 1960 сағаттан артық, алты күн еңбек ететіндер 1972 сағаттан артық, ал «аптасына 36 сағат жұмыс істеймін» деп келіскен азаматтар жылына 1764 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек екен. 

«2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 68-бабында жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс деп көзделген. Сондай-ақ Кодексте қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығын белгілеу көзделген:

-         он төрт жастан он алты жасқа дейінгі қызметкерлер үшін - аптасына 24 сағаттан аспайтын (Кодекстің 69-бабы);

-         он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі қызметкерлер үшін - аптасына 36 сағаттан аспайтын (Кодекстің 69-бабы);

-         ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін - аптасына 36 сағаттан аспайтын (Кодекстің 69-бабы);

-         бірінші және екінші топтағы мүгедек қызметкерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын (Кодекстің 69-бабы) болуы шарт», - деп хабарлаған министрлік.

Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (жұмыс аусымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда - 8 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда - 7 сағат 12 минуттан аспауға тиіс; алты күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (жұмыс аусымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағатқа тең болғанда - 7 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда - 6 сағаттан аспауға тиіс және т.б.

«Осы өндірістік күнтізбеде ай, тоқсан және 2017 жылдың тұтастай жұмыс күндері (сағаттары) бойынша жұмыс уақытының нормасы келтірілген. Ол 40 сағаттық және 36 сағаттық жұмыс аптасында сегіз, жеті және алты сағаттық жұмыс күнінің негізінде бес күндік және алты күндік жұмыс аптасының күнтізбесі бойынша есептелген. Сондықтан, 2017 жылы жұмыс уақытының нормасы:

-         40 сағаттық жұмыс аптасында:

-         бес күндік - 1960 сағатты (245 күн * 8,00 сағат);

-         алты күндік - 1972 сағатты (246 күн * 7,00 сағат + 50 күн * 5,00 сағат);

-         36 сағаттық жұмыс аптасында:

-         бес күндік - 1764 сағатты (245 күн * 7,20 сағат);

-         алты күндік - 1776 сағатты (296 күн * 6,00 сағат) құрайды.


2017 жылға арналған жұмыс күндерінің орташа айлық саны:

-         бес күндік жұмыс аптасында  - 20,42 күнді;

-         алты күндік жұмыс аптасында  - 24,67 күнді құрайды», - деп хабарлады министрліктен.

Сондай-ақ, әлеуметтік даму министрлігі 2017 жылы демалатын күндердің тізімін жариялаған.

«Қазақстан Республикасындағы мереке күндері жұмыс күндеріне кірмейді. Демалыс және мереке күндері сәйкес келген жағдайда мерекеден кейінгі жұмыс күні демалыс күні болып есептеледі.

Қазақстан Республикасындағы мереке күндері:

ұлттық мереке:

16-17 - желтоқсан - Тәуелсіздік күні;

мемлекеттік мерекелер:

1-2 қаңтар - Жаңа жыл;

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні;

21-23 наурыз - Наурыз мейрамы;

1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі;

7 мамыр - Отан қорғаушы күні;

9 мамыр - Жеңіс күні;

6 шілде - Астана күні;

30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні.

1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні.

Осыған орай, 2017 жылғы жұмыс уақытының балансын құру кезінде Заңның нормаларын есепке ала отырып, демалыс күндеріне (сенбі, жексенбі) сәйкес келетін мереке күндері мерекеден кейінгі жұмыс күніне ауыстырылды:

бес күндікте:

1 қаңтардан  3 қаңтарға;

7 мамырдан  8 мамырға;

16 желтоқсаннан 18 желтоқсанға;

17 желтоқсаннан 19 желтоқсанға;

алты күндікте:

1 қаңтардан  3 қаңтарға;

7 мамырдан 8 мамырға;

17 желтоқсаннан 18 желтоқсанға;

Кодекстің 84-бабына сәйкес, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында жексенбі жалпы демалыс күні болып есептеледі.

Бес күндік жұмыс аптасындағы екінші демалыс күні ұжымдық шартта немесе еңбек тәртіптемесі қағидаларында белгіленеді.

2017 жылы Құрбан айттың бірінші күні 1 қыркүйекке тура келеді, ал 7 қаңтар - православиелік Рождество демалыс күні болып есептеледі», - делінген министрліктің ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар