Қазақстандық ЖОО-лардың академиялық дербестігі артады - заң жобасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жоғары оқу орындарының академикалық дербестігі 65-тен 85 пайызға дейін кеңейтіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және бақылау дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, осы өзгерістер ЖОО қызметінің басты үш бағытын реттейді. Ең біріншісі - академиялық, екіншісі - басқару, ал үшіншісі - қаржы қызметі. Академиялық дербестік дегеніміз - ЖОО-ның академиялық бағдарламасының мазмұнын өздері анықтауды, оқу сапасын жақсарту бойынша құзырет беруді білдіреді. Бұл мәселе білікті кадрлар даярлауды және жаңа кәсіптерді қажет ететін жаңа экономикаға көшу кезеңінде өте маңызды. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде жоғары білім еңбек нарығының талабына толық жауап бермейді. Мысалы, тарих-география мамандығы ауыл мектептері үшін қажет екенін ескере отырып, бұл мамандықты ашпақ болғанбыз. Заңнамаға сәйкес, ол үшін екі жыл уақыт керек. Өйткені, республикалық әдістемелік кеңес өткізу қажет, сосын калассификаттарға өзгеріс енгізу үшін Инвестиция және даму министрлігіне өтініш беру, әділет органдарында оны тіркеу, сондай-ақ типтік оқу бағдарламасын бекітіп, лицензия алу керек болатын», - деп тоқталды министр.

Осы орайда ол бүгінде нарық жылдам өзгеріп келе жатқанын айта келе, аталған факторлар жойылып, Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сәйкес тәртіп енгізілгенін жеткізді.

«Жобада ЖОО-лардың академикалық дербестігін 65-тен 85 пайызға дейін кеңейту ұсынылады. Ол үшін ЖОО-ларда білім беру бағдарламасын өздері дербес әзірлеу құзыретін беру ескерілген. Осылайша, әр мамандық бойынша бағдарламаны еңбек нарығына сай ЖОО жеке дайындайды және бұған қоғам бағасын береді. Бағдарламаны тіркеу мен ақпарат алу үшін Жоғары білім беруді басқарудың бірыңғай жүйесі арқылы Білім беру бағдарламалары реестрін енгізуді қарастырып жатырмыз», -деп түсіндірді Е. Сағадиев.

Жоғарыда айтылғандай, қазіргі кезде кадрларды дайындау - Мамандықтар классификаторына сәйкес жүргізілуде. Онда 600-ден астам мамандық бар. Олардың көбі еңбек нарығы үшін өзекті болмай отыр. Еңбек нарығының талабына кадрлардың сәйкес келмеуі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар классификаторына жаңа мамандық енгізудің ұзақ процесіне (6 айдан 1 жылға дейін) байланысты. Білім беру программасына өту Классификатор құрылымын өзгертуді қажет етеді. Осыған байланысты, жаңа Классификатор енетін болады. Оның жобасы дайын. Ол кеңейтілген бағыттар бойынша жүргізіледі, ал сол бағыттың ішінде ЖОО-лар өздері нарыққа сәйкес білім беру бағдарламадарын дайындайды.

«Осы жаңа өзгерістермен бірге лицензиялау тетігі де өзгереді. Бұрын әр мамандық бойынша лицензия берілсе, енді жаңа енгізілетін Классификаторға сәйкес кадрларды даярлау бағыты бойынша лицензия беріледі. Басқа сөзбен айтқанда, ЖОО кадрларды даярлаудың кеңейтілген бағыты бойынша лицензия алып, оның аясында білім беру программасын өздері әзірлеп, орындайды.

Атап айтқанда, жоғары білім сапасын бағалау аккредиттеу тетігі арқылы іске асады. Бүгінгі таңда Аккредиттеу агенттіктер реестріне 8 агенттік кіреді, оның ішінде бесеуі қазақстандық үшеуі шетелдік агенттіктер. Олардың регламенттері халықаралық стандарттар негізінде әзірленген. Осыған байланысты, еуропалық, америкалық және азиялық аккредиттеу агенттіктерін көбейту бойынша өзгеріс енгізу ұсынылады.

«Осы жағдай халықаралық стандарттардың, оның ішінде Еуропалық жоғары білім беру кеңістігі сапасын қамтамасыз ету (ESG) бойынша стандарттар мен нұсқаулық принциптерін ескеріп, қолданыстағы аккредиттеу институтын жетілдіруге жағдай жасайды», - деді Ерлан Сағадиев.

Соңғы жаңалықтар