Қазақстандық жас ғалымдар төл жобаларын коммерцияландырмақ

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Елімізде тұңғыш рет өткізіліп жатқан «Burabay Forum: Қазақстан және Ресей ынтымақтастығы» атты жас ғалымдардың халықаралық форумы Астана қаласында басталып, Бурабай аймағында жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі елдің жас ғалымдары бас қосқан мәнді шара ҚР Тұңғыш Президенті қорының бастамасымен және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Назарбаев Университетінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Ашылуы мен пленарлық мәжілісі Астанадағы «Назарбаев Орталығында» өткен алқалы жиынға екі елдің жас ғалымдары қатысып, трансшекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ олар форум аясында ғылыми-теориялық әрі тәжірибелік зерттеулерін жүзеге асырудың жолдарын қарастырды.  Жас ғалымдар баламалы энергияны, био және нанотехнологиялар саласын дамыту бойынша өздерінің жаңалықтарын ұсынды. Форумға жиналған ғалымдар мемлекеттер шекарасында ұзақмерзімді экономикалық өсу орталықтарын дамыту қажет деп есептейді.

Тұңғыш Президент қорының жанындағы жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Махмұт Томанов: «Біз бір орында орналасқан көптеген ресейлік және қазақстандық интернет-дүкендерін бірыңғай интернет-алаңына шоғырландырғымыз келеді. Ол ресейлік, сондай-ақ қазақстандық өндірушілер өз өнімдерін бір жерде сата алады деген сөз», - дей келе, екі елдің ғалымдары бірлесе жұмыс істеп, жаңа технология табу арқылы үлкен компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік алатынын атап өтті.

«Мәселен, біздің жас ғалымдарымыз бидайдың жаңа сұрыбын дайындады. Яғни, Солтүстік Қазақстан облысынан келген ғалымдардың бірі өте қатты суыққа шыдайтын бидайдың түрін ұсынып, оны ауыл шаруашылығы саласында пайдаланудың жолдары мен технологияларын ұсынды. Оны жүйе ретінде осындай форумдар арқылы ашпасақ, ешкім көрмейді де, білмейді де», - деп атап өтті ол.

Жас ғалымдар екі елде орын алып жатқан экономикалық, экологиялық, биологиялық мәселелерді талқылай келе, ауыл шаруашылығы саласында егінді бүлдіріп жатқан шегіртке секілді жәндіктермен күресудің жолдарын анықтап, оларды улайтын жаңадан биопестицидтерді ойлап тапқандығын айтты. Жәндіктерді жоятын аталмыш химиялық қосынды Қазақстанда да ауыл шаруашылығында қолданылып, сынақтан өткізіліп, тексерілетін болады. 

Түрлі секцияларда өз бағыттары бойынша ғылыми баяндамаларын жасап болған соң жас ғалымдар табиғат аясында өткізілген ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының директоры Қасымхан Қапаровтың тренингіне қатысты. 

Соңғы жаңалықтар