Қазақстандық вагондарды шетелге экспорттауымыз керек - Мәулен Әшімбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев Қазақстан отандық вагондарды шетелге саудалау арқылы экспорттық әлеуетін арттыра алатынын атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жалпы, «Тұлпар-Тальго» зауыты бүгінгі таңда Қазақстанның темір жолын жаңа вагондармен қамтамасыз етіп отыр. Өндірісте біршама вагондардың шығарылып жатқанын көріп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орын алады. Біздің экономиканы дамытып, халықтың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етіп, қауіпсіздігімізді сақтау үшін көлік жүйесі мен коммуникацияны дамытуды өзімізге негізгі мақсат етіп қоюымыз керек. Бүгінгі күні елімізде нақты осы саясат жүзеге асырылып жатыр. Осы саясаттың негізінде Қазақстандағы жолдарды, темір жолдарды салу негізгі басымдықтардың бірі болып табылады», - дейді мәжілісмен «Тұлпар-Тальго» зауының жұмысымен танысу барысында.
null 

Парламент Мәжілісі депутатының айтуына қарағанда, Қазақстанда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жолдар, темір жолдармен бірге логистикалық орталықтар да салынуда. Сондықтан, Қазақстанды дамытудың бірден-бір факторы - Қазақстандағы темір жолдарды дамыту болып табылады.

«Соңғы жылдары елімізде біршама темір жол салынып жатыр. Оны дамытудың бір амалы - ескілерін жаңа вагондарға ауыстыру. «Тұлпар-Тальго» зауытында еуропалық талаптар ескеріліп отыр. Шығарылып жатқан вагондардың барлығының сапасы өте жоғары. Қазіргі уақытта мұндағы вагондарды әлемдік стандарттарға сай келеді деп айтсақ артық айтқанымыз емес», - дейді депутат.

Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта «Тұлпар-Тальго» өзін-өзі ұстап тұруы үшін экспортерлармен қызу жұмыс жүргізуді қолға алуы керектігін айтады.

«Осы өндірістің алдағы үлкен мақсаттардың бірі - Қазақстандағы ескі вагондарды ауыстырумен бірге, шетелдерге, атап айтқанда, Орта Азия мемлекеттеріне, Иранға өзіміздің вагондарымызды шығару. Кәсіпорынның алдында тұрған бірден-бір үлкен мақсаттың бірі осы болып отыр. Өйткені, Қазақстандағы ішкі сұраныс қалай да болса 2025 жылға дейін қамтамасыз етіледі. Бірақ, кәсіпорынды ары қарай ұстап тұру үшін Өзбекстанға, Орта Азия мемлекеттеріне, Иранға, Ауғанстанға вагондарды шығаруды қолға алуымыз керек», - дейді Мәулен Әшімбаев.

Мәжілісмен бұл бағытта біршама жұмыс қолға алынғанын айтып берді.

«Атап айтқанда, Өзбекстанмен қарым-қатынастың жанданып келе жатқанына байланысты «Тұлпар-Тальго» зауытының вагондарын экспортқа шығару туралы келісімдер жасалып жатқан сияқты. Иранмен де бұл бағытта жұмыс басталған секілді. Вагондарды басқа мемлекеттерге жіберіп, өзіміздің экспорттық әлеуетімізді арттырамыз деген ойдамын. Сондықтан, бүгінгі күні депутаттармен бірге кәсіпорын басшылығымен кездесіп, қандай мәселелердің бар екені талқылап жатырмыз», - деп түйді Мәулен Әшімбаев.
null 

Соңғы жаңалықтар