Қазақстандық үздік кардиохирург туралы деректі фильм Непалдағы кинофестивальде көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Алматыфильм» ЖШС түсірген «Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған» деректі фильмі 8-12 желтоқсан аралығында Катманду қаласында (Непал) өтетін 14-ші халықаралық кинофестивальдің байқаудан тыс бағдарламасында көрсетіледі, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Деректі фильм халықаралық деңгейлі үздік кардиохирургтердің бірі, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пяның қызметі және оның алғашқы науқастары туралы сыр шертеді.

«Юрий Пя хирург болуға жаратылған адам. Фильмге оның біліктілігі туралы айтатын әріптестері мен өмірін сақтап қалған науқас жандар қатысқан. Бұл фильм шетелде көрсетілетініне қуаныштымын», - деді фильмнің режиссері Оңдасын Тастанов.

Гималай қауымдастығының (Himal Association) ұйымдастыруымен Катманду қаласында жыл сайын өтетін халықаралық кинофестиваль 2000 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл фестиваль шеңберінде Германия, Қытай, Франция, Үндістан, Түркия, АҚШ, Корея сынды мемлекеттердің 80-ге жуық фильмдері көрсетіледі.

Юрий Пя Қазақстанда кардиохирургиялық жәрдем қызметін жолға қою және дамытуға қомақты үлес қосты, соның ұсынуымен ондаған науқастардың өмірін сақтап қалған жаңа озық медициналық технологияларды енгізу мүмкін болды.

Фильмнің сценариін Злиха Шымырова жазған.

 

Соңғы жаңалықтар