Қазақстандық «Түймеқыз» Әлем кубогынан жүлделі оралды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Паралимпиадалық пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақстандық «Түймеқыз» есімімен танымал Тұрсынай Қабыл Дубайда өткен Әлем кубогы ойындарынан жүлделі оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайлық спортшы әйелдер арасында 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, «қола» жүлдеге ие болды. Дегенмен, спортшы бас жүлдеден үмітті болғанын жасырмады.

«Әлем кубогы - жауапты сын. Ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткіземін деп ойладым. Бірақ, үздік үштікке кірудің өзі жетістік. Мені қолдаған жерлестеріме, бапкерлеріме алғысым шексіз. Енді «Miss Virtual Kazakhstan-2018» байқауына тыңғылықты дайындалмақпын», - деді Тұрсынай Қабыл.

Айта кетейік, жақында «Miss Virtual Kazakhstan-2018» байқауының финалдық кезеңіне шыққан қатысушылар белгілі болды. 3000 арудың ішінен іріктелгендердің арасында Тұрсынай да бар.

«Өмірдің өзі сыннан тұрады ғой. Мен қиындықтардан қорықпаймын. «Miss Virtual Kazakhstan-2018» байқауына қатыспас бұрын көп ойландым. Расында, мен кімнен кеммін? Өзімді қоғамның бір бөлшегі ретінде көрсеткім келді. Ендігі арманым - өмір туралы кітап жазу және мүгедектерге арнап спорт залын ашу. Болашақта спорт жаттықтырушысы болғым келеді», - дейді қазақстандық «Түймеқыз».

Соңғы жаңалықтар