Қазақстандық туристерге Еуропада қызылша індетінің таралуы туралы ескерту жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық туристерге Еуропада 4000-нан астам адам жұқтырып үлгерген қызылша індетінің таралуы туралы ескерту жарияланды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті баспасөз қызметінің Еуропалық ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі орталықтың ақпаратына сілтеме жасай отырып хабарлауына сәйкес, еуропалық өңір елдерінде 2017 жылдың басынан бері қызылша індетінің эпидемиялық жайылуы байқалуда. Ең көп жағдай Румыния және Италияда орын алған.Ауруды жұқтырудың барлық оқиғалары 14 елде тіркелген: Австрия, Бельгия, Болгария, Мажарстан (Венгрия), Германия, Исландия, Испания, Италия, Португалия, Румыния, Чехия, Швейцария, Швеция, Франция. Адам өлімі  жағдайлары да кездесті. Аурудан зардап шегушілердің жалпы саны 4000-нан астам адамды құрайды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Еуропа елдеріне саяхаттауды іске асыратын туроператорларды өз клиенттеріне өңірдегі эпидемиологиялық жағдай және осыған байланысты денсаулық пен өмірге төнетін қауіп туралы хабардар етуге шақырады.

ҚР МСМ Туризм индустриясы комитеті Еуропа елдеріне сапарға шығуды жоспарлаған туристерге қызылша індетінің таралуына байланысты баратын жердің қауіпті екенін ескеруге кеңес береді.

Қызылша вирустық жолмен таралатын аса қауіпті жұқпалы ауру болып табылады. Қызылша вирусы, әдетте, тікелей қарым-қатынас арқылы, сондай-ақ ауа арқылы жұғады. Қызылша дертінің бастапқы белгісі вирустың ықпалынан кейін шамамен 10-12 күн өткен соң басталатын және 4-7 күнге дейін созылатын дене қызуының әдеуір көтерілуі болып табылады. Осы бастапқы сатыда тұмау, жөтел, көздің қызаруы және көзден жас ағу, сондай-ақ беттің ішкі қабатында ұсақ ақ дақтар пайда болуы мүмкін. Бірнеше күн өткен соң, әдетте, бетте және мойынның жоғары бөлігінде бөртпелер пайда болады. Қызылша дертінен адам өлімінің көптеген жағдайлары осы аурудың асқынып кетуімен байланысты. Қызылша вирусын арнайы емдеу жолы жоқ.

Соңғы жаңалықтар