Қазақстандық студенттер Қытайдың Сиань қаласының тұрғындарына бауырсақ таратты

None
None
БЕЙЖІҢ-СИАНЬ. ҚазАқпарат - Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығы (KSAC) ҚХР-дың Шэньси провинциясының Сиань қаласында «Бауырсақ күні» шарасын өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің Қытайдағы тілшісі.

«Қазақстандық мәдениетті жат жердің халқына паш ету мақсатында KSAC ұйымының 40-қа жуық белсенділері «Интеграция» халықаралық ұйымы өкілдігінің қаржылай қолдауымен қаладағы Датансиши алаңында «Бауырсақ күні» акциясын ұйымдастырды.

«Біз мұнда тек бауырсақ дайындап қана қоймай, түрлі салаттар мен тәтті тағамдарды да дайындадық және оларды қонақтарға таратып бердік. Домбыра тартып, ұлттық билерді биеліп, елімізде алдағы уақытта өтетін «Астана -ЭКСПО-2017» шарасын насихаттадық»,-деді KSAC ұйымының Сиань қалалық бөлімшесінің төрағасы, Чанъань университетінің «халықаралық қатынастар және сауда» факультетінің 4-ші курс студенті Жансерік Тұрсынбек ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның сөзінше, осы шараға арнайы шақырылған 50 қытайлық қонақпен қатар олар осы маңайдан өтіп бара жатып іс-шараға қызығушылық танытқан және арнайы дайындалған тағамдардан дәм татқан 150-ге жуық қытайлықты қарсы алған.

«Сөз жоқ, шара өте қызықты әрі шығармашылық көңіл-күйде өтті», - деді Ж.Тұрсынбек.

Айта кетейік, «Интеграция» қорының төрағасы, Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Премьер-Министрі Сергей Терещенко. Қордың Сиань қаласындағы өкілдігі жеке өздері қазақстандық студенттердің Қытайдағы жоғары оқу орындарындағы білім алу шараларын ұйымдастырумен айналысады.

Соңғы жаңалықтар