Қазақстандық спортшылар Олимпиадада қандай спорт түрлерінен сынға түседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Олимпиада ойындарына баратын қазақстандықтар нақты қандай спорт түрлерінен сайысқа түсетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыған дейін Қазақстан Олимпиадаға қанша жолдама жеңіп алғанын және оған кімдердің баратынын жазған болатынбыз.

Енді сол спортшыларымыз спорттың нақтылы қай түрінен сынға түсетініне арнайы тоқталып өтсек.

Қазақстан құрамасы Олимпиадаға ең көп жолдаманы биатлоннан жеңіп алды. Биатлоншылардың еншісінде - 10 (бес - ер, бес әйел адам) жолдама бар. Командаға мына спортшылар енді: Василий Подкорытов, Максим Браун, Владислав Витенко, Тимур Хамитгатин, Роман Еремин, Алина Райкова, Дарья Климина, Галина Вишневская, Ольга Полторанина және Елизавета Бельченко. Қысқы Олимпиада ойындарында биатлоннан мына сайыстар өтеді: спринт, ізге түсу, жекелей сайыс, масс-старт, аралас эстафета және эстафета.

Фристайлдан ел намысын 9 спортшы қорғайды (үш - ер, алты әйел адам). Могул сайысында Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Юлия Галышева және Аяулым Амренова өнер көрсетеді. Акробатикада жарыс жолына Маржан Ақжігіт, Жанбота Алдабергенова, Аяна Жолдас, Ақмаржан Қалмұрзаева және Ильдар Бадрутдинов шығады.

Шаңғы жарысында жеті спортшымыз тізімге ілінді (төрт - ер, үш әйел адам). Алексей Полторанин, Денис Волотка, Евгений Величко, Виталий Пухкало, Валерия Тюленева, Анна Шевченко мен Елена Коломина Пхенчханда медальға тартысады.

Шорт-тректен Қазақстан құрамасы Олимпиадаға жеті спортшыны апарады (бес - ер, екі әйел адам). Олар - Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжғәлиев, Денис Никиша, Еркебұлан Шамұханов, Мерсаид Жақсыбаев, Анастасия Крестова мен А Йонг Ким.

Коньки тебуден Каннындағы мұз айдынына алты спортшымыз шығады (бес - ер, бір әйел адам). Бұл спорт түрінен ел намысын мына спортшылар қорғайды: Роман Креч (500, 1000 м), Станислав Палкин (500, 1000, 1500 м), Артем Крикунов (500 м), Федор Мезенцев (1000, 1500 м, масс-старт), Денис Кузин (1000, 1500 м) және Екатерина Айдова (500, 1000, 1500 м).

Мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық үш спортшымыз сайысқа түседі (бір - ер, екі әйел адам): Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева мен Айза Имамбек.

Тау шаңғы спортынан Қазақстан екі спортшыны тіркеді (бір - ер, бір әйел адам). Олар Игорь Закурдаев пен Мария Григорьева.

Шана спорты мен трамплиннен секіруден екі спортшымыз өнер көрсетеді. Ел намысын Никита Копыренко (шана спорты) мен Сергей Ткаченко (трамплиннен секіру) қорғамақ.

Естеріңізге сала кетсек, Пхенчхандағы қысқа Олимпиада ойындары ақпанның 9-25 аралығында өтеді. Олимпиаданың ашылу салтанатында ел туын шорт-трекші Абзал Әжғәлиев ұстап шығады.

Соңғы жаңалықтар