Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 332.21
EUR 391.74
RUB 5.57
CNY 50.08

Қазақстандық спортшылар Елбасына Азия ойындарында сәтті өнер көрсетуге уәде етті

Қазақстандық спортшылар Елбасына Азия ойындарында сәтті өнер көрсетуге уәде етті
2017 жылғы 17 қыркүйек 19:40 782

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстанның Ашхабад қаласында жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарына қатысып жатқан Қазақстанның спорт делегациясымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті ұлттық құраманың дайындығымен танысып, Ашхабадқа спортшыларымызды қолдау үшін арнайы келгенін айтты.

«Мұнда ойындарға қатысып жатқан елдердің ең үздік спортшылары келіп отыр. Біздің құрамада да көптеген танымал чемпиондар бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның ұлттық құрамасының капитаны әрі осы ойындарда таэквондодан өнер көрсететін Нұрлан Мырзабаев Мемлекет басшысына алғыс білдірді.

«Ең алдымен, Сізге еліміздегі спортты дамытуға ұдайы қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Мемлекетіміздің әлемдік спорт ареналарындағы барлық жетістіктеріне Сіздің қосқан үлесіңіз зор. Біздер - Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Ашхабадта өтіп жатқан ойындарда төл туымыздың биікте жиі желбіреуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деді Қазақстан құрамасының капитаны.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тарапынан елімізде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалып жатқанын айтып, салауатты ұлт қалыптастыру үшін отандық атлеттеріміздің жетістіктері маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстанның барлық өңірінде түрлі спорт нысандары салынуда, атлеттеріміз жоғары деңгейдегі сайыстарға қатысуда. Араларыңызда жетістіктерге жеткен әйгілі спортшылар бар. Біздің жастарымыз - дарынды. Жыл сайын спортта жаңа есімдер шығып жатыр. Жалпы, жас жеткіншіктер сіздердің жеңістеріңізге қарап, спортпен шұғылдануға ұмтылатын болады. Ол салауатты ұлт қалыптастырудың басты шарты болып саналады. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі болуларыңыз керек», - деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ қазақстандық жеңіл атлет, Лондондағы Олимпиада ойындарының чемпионы және Бейжің мен Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ольга Рыпакова сөз сөйлеп, Елбасына алғыс айтты.   

«Жұмыс кестеңіздің тығыздығына  қарамастан бізге қамқорлық пен қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін Сізге барлық спортшыларымыздың атынан зор алғысымызды айтуға рұқсат етіңіз. Сіз бізбен кездесіп әңгімелесуге, ақ тілегіңізді айтып, батаңызды беруге әрдайым уақыт табасыз. Біз өзімізді тек жақсы қырымыздан танытып, Сізді және барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантуға барымызды саламыз», - деді Ольга Рыпакова.        

Соңында Мемлекет басшысы Қазақстандағы миллиондаған жанкүйер спортшыларымыздың табысты өнер көрсететініне сенімді екенін айтып, олардың жарысты сәтті бастап, айқын жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді. 

 

 

 

Басты сөздер: Қазақстан Президенті, Қазақстанның сыртқы саясаты, Спорт, Түрікменстан,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер