Қазақстандық шаңғышы Италияда қола медаль алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Евгений Величко Италияның Санта-Катерина қаласында өткен шаңғы жарысында қола медальды жеңіп алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР Шаңғы жарысы федерациясына сілтеме жасап.

Халықаралық шаңғы федерациясы ерлер арасында 15 км қашықтықта еркін әдіспен жарыс ұйымдастырды. Оған Италия, Франция, Германия, Ресей, тағы басқа да елдерден 95 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша, Евгений ресейлік Денис Спицовтен 1 минутқа жуық, екінші орынды алған беларусьтық Сергей Далидовичтен небары 14 секундқа кеш келді.

«Жарыс қиын болды, қатысушылардың барлығы жоғары дайындықпен келген. Күміс медаль алуға бірнеше секунд кешіктім. Келесіде бұдан да жоғары жетістіктерге жету үшін еңбек етемін», - дейді Евгений.

Еске сала кетсек, қазір шаңғы жарысынан Қазақстанның ұлттық құрама командасы Еуропада жүр. Спортшылар FIS-старт (Италия, Санта-Катерина) және Әлем кубогының екінші кезеңіне (Норвегия, Лиллехаммер) қатысуда. Осы жарыстар арқылы Қазақстанның Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын командасы жасақталады.

Соңғы жаңалықтар