Қазақстандық шахматшылар командасы Румынияда қар құрсауында қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем чемпионатына жол тартқан қазақстандық жас шахматшылар командасы және олардың ата-аналары қардың толассыз жаууынан Румынияда тұрып қалды. Бұл туралы «Бибісара» ЖШС директоры Исатай Аңсат өзінің Facebook парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біз (жас шахматшылар командасы мен олардың ата-аналары) кеше 20 сәуір күні Яссы (Румыния) қаласына шахматтан әлем чемпионатына қатысу үшін Астанадан (Киев арқылы) Кишинев қаласына ұштық. Кишиневке әрең қондық, қатты боран болды. Қаланы айналшықтап, бір сағат ұшып жүрдік. Ұшқыш бірнеше рет әрекеттеніп, ұшақты әрең қондырды», - деп жазды Исатай Аңсат.

Бірақ, жас спортшылардың оқиғасы мұнымен бітпейді.

«Жерге қонған соң, мен боранды түні жол жүрмей, Кишиневте қала тұруды ұсындым. Бірақ, румыниялық жүргізуші мені түсінбеді немесе өзінің басқа жоспарлары болды ма екен, Кишиневтен Яссы қаласына жолға шықтық. Жүргізуші жақсы жүргізеді, жай жылдамдықпен таң ата Пуш қаласына 10 шақырым жерде жолда тұрып қалдық. Яссыға дейін әлі 80 шақырым бар. Жол тазалап жүрген көліктер бар, дегенмен жеткіліксіз. Бір орында тұрғанымызға 3 сағат болды. Суымыз азайды, балалар таңғы ас ішпеді. Автобуста 25 қазақстандық бар. Сіздерден Сыртқы істер министрлігіне және Қазақстанның Румыниядағы Елшілігіне хабар беруді сұраймыз. Бізде байланыс жоқ. Қазір жолдың бойындағы адамдардан интернетке кіру нүктесін сұрап көремін», - деп хабарлады И.Аңсат.

Өз кезегінде «Бибісара» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Әбуов ҚазАқпарат тілшісіне болған оқиғаны растады.

«Қазір ғана сөйлестім, олар әлі жолдың бойында тұр», - деді ол.

Атап өтейік, бүгін Румынияның таулы аудандарына қар жауды. 

Соңғы жаңалықтар