Қазақстандық-ресейлік 2 фильм түсірілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Ресей бірлесіп, алдағы уақытта 2 фильм түсіруді жоспарлауда. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесуі аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Ресейдің Мәдениет министрі Владимир Мединский айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз кеше қазақстандағы Ресей киносы аптасын аяқтадық. Кинеатография саласындағы ынтымақтастығымыз жақсы қарқынмен дамып келеді. Өткен жылы Ресейде де, Қазақстанда да зор табысқа жетіп, бүгінде әлемдік көрсетілімге шыққан «28 панфиловшы» атты бірінші бірлескен кино жоба жарық көрді», - деді ол.

Сонымен қатар Мединский қазіргі уақытта тағы да 2 кино түсіру мәселесі талқыланып жатқанын атап өтті.

«Оның бірі өте қызықты жаңашыл туынды болмақ. Фильмдегі іс-әрекет 1940 жылдары орын алады. Бұл соғыс алдындағы триллер десек те болады. Екінші туындыдағы оқиғалар Қазақстанның солтүстігіндегі шағын қалашықта болады. Екінші туындының режиссері Вера Глаголева болса, біріншісін «28 панфиловшыны» түсірген команда қолға алады», - деді Ресейдің Мәдениет министрі.

Айта кетейік, кездесу барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ресейдің Мәдениет министрі Владимир Мединскийге екі елдің арасындағы бейбітшілік, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденін табыстаған болатын.

Соңғы жаңалықтар