Қазақстандық паралимпиадашылар Пхенчхандағы ойындармен қош айтысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пхенчанда қысқы Паралимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Әлемдік шараның жабылу салтанаты кәріс мәнерінде ұйымдастырылды. Алдымен, кәріс ұлттық киімімен ортаға шыққан жергілікті эстрада жұлдыздары ән шырқады. Одан кейін алып экранда Паралимпиада ойындарының ең есте қаларлық сәттері көрсетілді. Алып экрандағы көрсетілім аяқталғаннан кейін ортаға паралимпиада ойындарының аңызға айналған жұлдыздары шығып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Бір сағатқа жуық уақытқа созылған шара цифрлық арнайы нөмірлермен, мүмкіндігі шектеуді жандар туралы видеороликтермен, сонымен қатар өмірлік кедергілерді жойып қана қоймай, кәсіби спортшы атанған ерекше адамдардың рухы жайлы флешмобтармен көптің есінде қалды.

Жабылу салтанатының мерекелік бөлігінен кейін Хаықаралық Паралимпиада ойындары комитетінің президенті Эндрю Парсонс барлық спортшыларға алғысын білдіріп, ойындардың есте қаларлық тұстарын еске салып, Паралимпиада ойындары-2018 сайысын жабық деп жариялады.

Шоудың шарықтау шегінде Паралимпиада ойындарының оты сөндіріліп, музыкалық концерт басталып кетті.

Еске сала кетсек, Паралимпиада ойындары-2018 сайысында қазақстандық Александр Колядин алтын медаль жеңіп алған болатын. Бұл жеңіс - қазақстандық паралимпиадашылар үшін тұңғыш биік жетістік болып тіркеліп отыр.

Жалпыкомандалық есепте біздің құрама 20-шы орынға табан тіреді. Қазақстан спортшыларымен бірге Қытай құрамасының да бір алтын медалі бар.

Соңғы жаңалықтар