Қазақстандық паралимпиадашылар елге дүйсенбі күні оралады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында қысқы Паралимпиада ойындары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін, 18 наурыз күні, Астана уақытымен 16:00-де Пхенчхан Олимпиадалық стадионында қысқы Паралимпиадалық ойындардың салтанатты жабылу рәсімі өтеді. Біздің паралимпиадашылар, соның ішінде алтын жүлдегер Александр Колядин дүйсенбі күні елге оралады. 19 наурыз күні 21:35-те Астана әуежайына паралимпиадашылар мінген КС 855 рейсі келіп қонады. Сол жерде спортшылардың жанкүйерлер және БАҚ өкілдерімен салтанатты кездесуі болады», - деп мәлімдеді ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің баспасөз қызметі.

Қазақстандықтар соңғы күні шаңғы жарысының аралас және ашық эстафеталарына қатысты. Жаңыл Балтабаева, Қайрат Қанафин және Сергей Усольцевтер аралас эстафетада 12-орынмен шектелді, ал Денис Петренко, Александр Колядин және Александр Герлиц командасы ашық эстафетада 6-шы болып келді.

Осылайша Қазақстан 2018 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарынан Александр Колядин жеңіп алған жалғыз алтын медальмен оралатын болды.

Қазақстан жалпыкомандалық есепте 20-орынға табан тіреді. 13 алтын, 15 күміс және 8 қола медаль алған АҚШ бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Бейтарап Паралимпиада Атлеттері командасы ретінде жарысқа қатысқан ресейліктер алды, олардың еншісінде қысқы Паралимпиаданың 8 алтыны, 10 күміс және 16 қола медаль бар. Үшінші орынға жалпы 28 медальды жеңіп алған (8-4-16) Канада спортшылары тұрақтады.

Жалпы, 49 елдің арасынан 26 құрама биылғы Паралимпиаданың медалін жеңіп алды. 

Соңғы жаңалықтар