Қазақстандық оқушылардың роботы бүкіләлемдік олимпиадада үздік атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық мектеп оқушылары Коста-Рикада өткен WRO-2017 робототехника бойынша бүкіләлемдік олимпиадада үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда Ратмир Сартбаев пен Әнел Кәрімғали жасаған өрт сөндіруші робот шығармашылық санаттағы үздік жобалардың бірі атанды. 

Бұл туралы заманауи білім беру мен тәрбие үрдістері талқыланатын Қазақстандағы тұңғыш платформа NOVACITY.KZ сайтында жарияланды.

World Robot Olympiad - робототехника бойынша10-21 жас аралығындағы жастар мен оқушыларға арналған басты халықаралық байқау. Олимпиада 2004 жылдан бері өткізіліп келеді.

Биыл әлемнің 53 елінен келген 400-ге жуық команда Коста-Рика астанасы Сан-Хоседе бас қосты. Олар «Роботтар футболы», «Студенттік», «Шығармашылық» және «Негізгі» санаттарда бақ сынады.

Шығармашылық санатта физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары - талдықорғандық Ратмир Сартбаев пен алматылық Әнел Кәрімғали үздік нәтиже көрсетті. Олар жасаған орман өрттерін ескертуге және өшіруге арналған роботтар прототипі ересек топтағы 31 команда арасында төртінші орын алды.

Аталған жобада екі робот бар. Бірінші квадрокоптер орман үстінен ұшып жүріп, өртті анықтайды және екінші роботқа хабар береді. Екінші робот өрт болған аумақты және өрттің өршуін анықтайтын арнайы жүйелер арқылы отты сөндіреді. Су бітіп қалған жағдайда робот GPS-құрылғы арқылы жақын орналасқан су қоймасына барып, қажетті су жинап қайтады. Сондай-ақ, квадрокоптер дәрі қорабы мен өзге де қажеттілік заттарын жеткізе алады.    

Қазақстандық балалардың бұл жаңалығы көптеген елдер үшін пайдалы болмақ. Әсіресе Қазақстанда жыл сайын 4 мыңға жуық орман өрттері орын алады, шамамен 100 гектар жер өртенеді. Мұндай өрттердің алдын алуға арналған тиімді шешімдер әлі табылмаған.

Айта кетейік, цифрлық әлемнің ғаламдық проблемаларын шешуді және мектеп оқушыларының ойлау жасампаздығын қалыптастыруды мақсат тұтқан «World Robot Olympiad» - Әлемдік роботтар олимпиадасы 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінде WRO клубына 50-ден астам мемлекет, 20 мыңнан астам оқушы мүшелікке еніп үлгерді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2014 жылдан бері Әлемдік роботтар олимпиадасының Қазақстандағы робототехникадан ұлттық үйлестірушісі болып табылады.

Соңғы жаңалықтар