Қазақстандық оқушылар өз президенттерін сайлайтын болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) еліміз оқушыларына өз мектептерінің президенттерін жаңа - «ересектер» ережесі бойынша сайлауды ұсынып отыр. Мұндай ұсынысты Қарағандыға жасаған сапары барысында ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сайлаудың мұндай түрі әзірге пилоттық режімде Астана қаласында ғана енгізілген және де ол өз нәтижесін көрсетуде. Мәселен, мектеп президенттігіне үміткер елордалық оқушылар өз кандидатураларын ұсынғаннан кейін, сайлауалды жарыстар өткізеді. Яғни насихат парақшаларын таратады, бағдарламалар құрады, дауыс берушілерді барынша жұмылдыруға тырысады. Сайлаудан бір күн бұрын, әдеттегідей «тыныштық күні» жарияланады, ал сайлаудың өзі шынайы форматқа мейлінше жақын өтеді - дауыс беру кабиналары, бюллетеньдер, сайлау комиссиясы және бақылаушылар болады. 

«Мектеп президенттерін сайлау бұрындары да болған, алайда әр мектеп оны өз бетінше өткізіп отырған. Қазір біз Білім министрлігіне Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңының негізінде құралған осындай бірыңғай форматты ұсынып отырмыз. Бұл мектеп оқушыларында өздерінің азаматтық позицияларын ұстануға қызығушылықты оятып, оларды дауыс беруге үйретеді және демократияның негізгі принциптерін іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз», - дейді Константин Петров.  

Қарағанды мектептерінде де «ересектер» ережесі бойынша сайлау өткізу ұсынысы жасалды. Егер бұл тәжірибе сәтті болса, онда өз президенті үшін облыстың барлық оқушылары дауыс беретін болады. 

 

Соңғы жаңалықтар