Қазақстандық офицер Кот-д' Ивуардағы миссия нәтижелері бойынша БҰҰ медалімен марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кот-д' Ивуардағы бітімгершілік миссиясынан кейін Қарулы күштердің офицері Асылхан Аманғалиұлы Қазақстанға оралды, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Әскери бақылаушы ретінде ол бір жыл бойы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі БҰҰ миссиясына қатысты. Бұл миссияға қатысушы әскери қызметшілердің негізгі міндеттері Мали Республикасындағы шекара аудандарындағы жалпы ахуалға, атап айтқанда, бейтаныс қарулы құрамалардың заңсыз шекарадан өтуін анықтау, наркотикалық және түрлі психотроптық заттарды, түрлі қарулар мен оқ-дәрілерді, жарылыс заттарын, сондай-ақ олардың түрлі компоненттерін анықтау, шиеленісті оқиғалардан кейін елге оралатын босқындардың ауысуын бақылау мониторингін жасау болды.

Капитан Асылхан Аманғалиұлы миссия барысында үздік бітімгершілік даярлығы бар білікті маман, офицер ретінде көрініп, әскери бақылаушыларға берілген талаптарды мінсіз және үлгілі орындағаны үшін БҰҰ медалімен марапатталды.
null 

Бітімгершілік іс-қимылы халықаралық міндеттемелерді орындауда, Қазақстанның мүддесі мен әлемдік аренада елдің беделін, әскери-саяси ұстанымдарды арттыруда маңызды. Қазақстандық бітімгершілік топтарының даярлығы бүгінде халықаралық стандартқа сәйкес. Осы бағыттарда бітімгершілік операцияларына даярлық жөнінде курстар ұйымдастырылып, оқу-жаттығу орталықтары құрылды.

Аталған жерлерде БҰҰ миссиясына қатысуда тәжірибесі бар офицерлер тәжірибелерімен бөлісіп, өздерінің әріптестерін оқытады. Біріккен Ұлттар Ұйымы қазақстандық офицерлердің БҰҰ ағымдағы операцияларына қосқан үлесін атап өтіп, қазақстандық бітімгершілік бөлімшелердің даярлығына жоғары баға берді.

Қазіргі уақытта БҰҰ бітімгершілік миссиясымен ҚР ҚК төрт офицері қызмет етіп жүр. Әскери бақылаушы ретінде олар Батыс Сахарадағы миссияларға қатысуда. 2014 жылдың шілдесінен бастап Батыс Сахара мен Кот-Д'Ивуардағы БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларына әскери бақылаушылар ретінде Қазақстан Қарулы Күштерінен барлығы 11 офицер қатысты.

Соңғы жаңалықтар