Қазақстандық мәдениетті әлемдік аренада көрсету арқылы еліміздегі көзқарасты да өзгертуіміз керек - Аида Балаева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Басты міндет әлемге қазақ мәдениетін паш ете отырып, оның бәсекелестігін арттыру. Бұл туралы бүгін Астанадағы халықаралық ғылыми практикалық конференцияда баяндама жасаған ҚР Президенті  Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Жаһандағы заманауи  қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздегі барша жаңғыру жұмыстарының діңіне айналды. Бұл туралы Елбасы өзі де «рухани жаңғыру - саяси және экономикалық жаңғырулардың өзегі» деп атап өткен болатын.  Сондай-ақ, қоғамдық сананы жаңғырту ұлттық кодымызды сақтап, дамытумен бірге, оны жер жүзіне паш етуді көздейді.  Ұлттың рухы ұлттың ішінде шектеліп қалмай, жаһандық әлемге кірігіп, жалпы адамзаттық қазынаға айналуын мақсат етеді», - деді жиын барысында сөз сөйлеген Аида Балаева.

Сонымен қатар, ол жақында ел назарына ұсынылған латын графикасындағы қазақ әліпбиіне де тоқталып өтті. «Латын қарпіне көшу арқылы әлемнен біздің не алатынымыз жиі айтылуда. Осы орайда, әлемге біздің не беретініміз де назардан тыс қалмауға тиіс деп ойлаймын. Тіл - мәдениеттің мәйегі болса, төл жазуымыздың латын графикасына көшуі - мәдениетімізді жаһан жұртына жеткізудің ең тиімді жолдарының бірі. Әлем елдерінің 70 пайыздан астамы пайдаланатын латын қарпіне көшу - қазақтың рухын жер жүзіне танытуға да септігін тигізері сөзсіз», - деп атап өтті ол.

Жұмыс тобының жетекшісі сонымен қатар, Елбасының мақаласы аясында қолға алынған 6 жобаның бірі - «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына да тоқталды. Аида Балаеваның айтуынша, алдағы уақытта  заманауи қазақ әдебиеті әлемнің алты тіліне аударылып, осы бағытта ұлт мәдениетінің барлық жанрлары ең озық тәсілдермен жаһанға жол тартқалы отырғанын жеткізді.

«Бұл - еліміздің рухани, мәдени өмірінде ешқашан болмаған, тұңғыш, әрі теңдессіз оқиға. Жер жүзі Қазақстан қандай ел екенін, қазақ қандай ұлт екенін негізінен осы жоба арқылы танитын болады. Біз бұл тарихи жауапкершілікті терең сезінеміз. Сондықтан, жобаны іске асыруда оның әрбір әрпін мұқият қарап, әрбір қадамын он ойланып, тоғыз толғанып жасаймыз», - деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, жобаның басты міндеті қазақстандық мәдениеттің жетістіктерін өзіміз де танып, әлемге де паш ету. Осының өзі қазақстандық мәдениеттің халықаралық деңгейге ұмтылуына іргетас ретінде қалыптасатын болады.

«Қазіргі күні біз ең үздік туындылар мен орындаушыларды іріктеп алуды аяқтауға жақындадық. Бұл бірегей ауқымды жұмыс. Атап айтқанда, біз алғаш рет Тәуелсіздік жылдарындағы мәдени жетістіктерімізге толыққанды инвентаризация жасадық.  Біз заманауи отандық мәдениеттің алтын қорын жүйелендірдік. Бұл айқара әлемге паш етуге тұрарлық жетістіктердің ауқымды бөлігі. Осы жоба арқылы мәдениетіміз жаңа қырынан танылуға мүмкіндік ашылмақ.  Бұл ретте маңыздысы біз өткен 25 жылда қандай шаралар ауқымы атқарылғанына өзіміз сараптап, өзіміз баға бере аламыз. Тәуелсіздік арқасында өзіміздің ұлттық мәдениетімізді жандандырдық. Елбасы айқындаған саясат мәдени инфрақұрылымдарды дамытуға теңдессіз көмек берді. Тек соңғы онжылдықта еліміздегі музейлер, клубтар мен кинотеатрлар саны 50%,  театрлар - 30%,  кітапханалар саны 20% артты. Халықаралық деңгейдегі бірегей мәдени нысандардың іске қосылуы шығармашылық әлеуеттің ашылуына барлық жағдайларды жасап отыр. Осындай ауқымды жұмыстардың бәрі өз бағасын алуы тиіс», - деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, бүгінгі міндет әлемге қазақ мәдениетін аша отырып, оның бәсекелестігін көтеру, жаңа белестерді ашу болып табылады. Бұл ретте жұмыс тобының жетекшісі отандық мәдениет қайраткерлері әлемдік трендтерді тануға ғана емес, оған дер кезінде үн қатудың жүйелі мүмкіндігіне ие болуы шарт екенін алға тартты.

«Жаңғыру аясындағы жоба екі мақсатты алға қояды. Бір жағынан жалпы қоғамның санасын өзгертеді. Қазақстандық мәдениетті әлемдік аренада көрсету бұл еліміздің өзінде де оған деген көзқарасты, оны қабылдауды өзгертуге бағытталған. Екінші жағынан, ең үздік туындыларға, әлемдік стандарттарға ұмтылуға тәрбиелей отырып,  біздің шығармашылық интеллегенцияның  санасын да өзгертеді. Ел ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде сұранысқа ие болатын туындылар жасайтын шығармашылық, креативті адамдарды тудырады.  Ал осы ретте айта кетерлігі, латын графикасына көшу - бұл қазақстандық мәдениет брендін әлемдік деңгейде жарнамалаудың қосымша арнасы мен әдіс.  Жаһанданған әлемде ұлттық кодты сақтау маңызды аспектілердің бірі. Латынды енгізу салт, дәстүрді сақтаудың ғана емес, оны дамытудың тікелей тетігі болып табылады», - деді А. Балаева.

Соңғы жаңалықтар