Қазақстандық хоккейші ресейлік клубтың үздік ойыншысы атанды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал допты хоккейінің түлегі, Қазақстан құрамасының капитаны Рауан Исалиев 2016-2017 жылғы маусымның қорытындысы бойынша «Сибсельмаш» (Новосібір) командасының үздік ойыншысы атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Клубтың сайтынан алынған мәліметке қарағанда, жеңімпаз жанкүйерлер арасында дауыс беру нәтижесінде анықталған. Барлығы 394 дауыс қабылданып, қорытындысында жартылай қорғаушы Рауан Исалиев 473 ұпай жинап, озып шықты. Қос қақпашы Андрей Маслов (425 ұпай) пен Игорь Долгополов (385 ұпай) екінші-үшінші орынды иеленді.

Сайтта аталып өтілгеніндей, Рауан Исалиев маусым бойына тамаша ойын өрнегін көрсетіп, үздік мерген ғана болып қоймай, пас беруде де алдына жан салмай, ең пайдалы хоккейші атанған.

Айта кетейік, допты хоккейден Ресейдің суперлигасында өнер көрсететін «Сибсельмаш» биыл екі жылдық үзілістен кейін ширек финалға шығып, онда «СКА-Нефтяник» (Хабаровск) командасына жол берді. 26 наурыз күні осы хабаровскілік команда өз тарихында тұңғыш рет Ресей чемпионы атанды. Ал 1988 жылы Орал қаласында дүниеге келіп, жергілікті «Ақжайық» командасының сапында спорттық жолын бастаған Рауан Исалиев - допты хоккейден Қазақстан құрамасының маңдайалды ойыншысы. 2008 жылдан ресейлік клубтарда, соның ішінде 2012 жылдан «Сибсельмаш» құрамында ойнап келеді. 2012 жылы «Старт» (Нижний Новгород) командасының үздік ойыншысы болған Рауан кейін «Сибсельмаш» құрамында Ресей кубогының күміс жүлдегері атағына қол жеткізді. Қазақстан құрамасымен бірге төрт мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2011 жылы Алматыда өткен қысқы Азиаданың чемпионы әрі үздік мергені атанды. 

Соңғы жаңалықтар