Қазақстандық ғалым әйелдер латын графикасына көшуді қолдайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық ғалым әйелдер қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуін қолдайды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мемлекет басшысы қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшірілуі туралы Жарлыққа қол қойды. Біз, ғалым әйелдер мұны толығымен қолдаймыз. Біз осы процеске өз үлесімізді қосуымыз, түсіндіру және әдістемелік жұмыстарды жүргізуіміз тиіс. Біз бүгін әріптестерімізбен осыны талқылаймыз», - дейді Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамының президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Кәсіби шетел тілі коммуникациясы» кафедрасының меңгерушісі Таңат Аяпова «Қоғамдық сананы жаңғырту: латынға көшудің тарихи мәні және оны енгізуге әдістемелік базаны дайындау» халықаралық форумында агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Оның сөзіне қарағанда, форумды өткізудегі мақсат - қоғамдық сананы жаңғырту және латынға көшу мәселелерін талқылау үшін ғалым әйелдерге көпжақты диалог жасау. Шараға қатысушылардың айтуынша, қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі мемлекеттің одан әрі дамуына жол ашады, жас ұрпаққа қазақ тілімен қатар ағылшын тілін де оңай үйрену мүмкіндігін береді. Реформаның арқасында Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы беделі артады.

Бұл инвесторлардың, туристердің елімізге деген қызығушылығын арттырып, қазақстандық жаңа мәдениеттің жаһандық әлемге кең қанат жаюына жағдай жасайды. Олардың пікірінше, мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартының енгізілуі Қазақстанның әрбір азаматына қатысы бар әрі ол елді ХХІ ғасырдағы жаңа даму кезеңіне шығарады.

Форумды Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен ынтымақтастықта өткізіп отыр. Шараға Қазақстанның ғалым әйелдері, елдің депутаттық корпусының өкілдері, белгілі мемлекет қайраткерлері және студенттер қатысуда.

Соңғы жаңалықтар