Қазақстандық филантроп «ЭКСПО-2017» көрмесіне 30 оқушыға билет сыйлады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Филантроп Оралбек Ботбай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру ұсынысына орай, өзінің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында «50 жылдыққа 50 игі іс» акциясын бастады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында: «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл - қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек», деп жазды. Осыған орай, филантроп Оралбек Ботбай 2017 жылы елордада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қолдау көрсету мақсатында, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының үздік оқитын 30 оқушысына көрмеге билет сыйлады. Олардың жол шығыны мен жатын орнын да филантроп өз мойнына алып, Халыкаралық көрме жұмысына үлес қосқалы отыр.

Одан бөлек, О.Ботбай гуманитарлық және техникалық салада үздік көрсеткіштерге қол жеткізген қазақстандық ЖОО студенттеріне өз қаражатынан шәкіртақы тағайындады. Сондай-ақ, «Тұран» колледжінің әлеуметтік жағдайы төмен 5 талапкерін де толық оқу грантымен қамтамасыз ету көзделген.

Аталған шараларға қоғам назарын аудару мақсатында 27 сәуір күні сағат 11:00-де «Қазмедиа орталығының» конференц-залында баспасөз мәслихаты өтеді. Оған қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен Вьетнам Елшісі Доан Хиен және өзге де қоғам белсенділері қатысады.

Соңғы жаңалықтар