Қазақстандық дәрігерлер шымкенттік 10 жасар қыздың диагнозын таппай дал

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Шымкентте белгісіз ауруға шалдыққан 10 жасар қыздың салмағы 11 келіден аспай қалған. Кішкентай Лаура қазір өздігінен жүріп-тұру түгілі, отырудан қалған. Ақ халаттылар болса оның диагнозын таба алмай дал, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лаураның анасы қызының алты жасқа дейін дені сап-сау болғанын айтады. Ауру басталғанда жеткіншектің ас-ауқатқа тәбеті бұзылып, көп жататын болған. Жүрсе аяғы ауырып, әлсіреп қалады. Бірте-бірте салмақ тастай бастаған. Қазір небәрі 10 келіден сәлі-ақ асады.

«Дәрігерлер қызымды қарап шығып, ақыры невропатологтарға жолдады. Олар басында «балалардың сал ауруы» (ДЦП) деген диагноз қойды. Алайда, бұл диагноз расталмаған соң, жүйке аурулары болуы мүмкін деп жорамалдады. 2013 жылдан бері бес жыл өтті, әлі жүрміз. Дәрігерлер диагнозды анықтай алмауда. Шымкент пен Астананың екі ортасында жүрміз, диагнозды жыл сайын ауыстырады»,- дейді Айнагүл Елтаева.



Келіншектің сөзінше, қазір Лаураның ағзасы күннен-күнге әлсіреп, нашарлап келеді. Нақты диагнозын тауып, емделмегеннен кейін, үстінен түрлі аурулар қосылуда. Өздігінен дәретке шыға алмайды. Таңертең тұрғаннан басы ауырып жыласа, түнімен жан шыдатпастай аяғы қақсайды.

«Қазақстанның ең мықты деген дәрігерлері қарап шықты, бірақ нәтиже жоқ. Шымкенттегі дәрігерлерден  шетелде емделуге квота сұрадым. Олар бұл мәселені Астана шешетіндігін айтып, сонда жолдады. Астанадағылар болса, бізді қайта Шымкентке жіберді. Амалсыздан осылай екі ортада жүрміз. Ал Лаураның жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Қазір қызым сөйлей де алмайды, жүруден қалды. Бұрын тым болмаса отырушы еді. Белі ауыратынын айтып, үнемі жатады», - дейді баланың анасы.



Жалғызбасты келіншектің бүгінде шарасы таусылған. Күйеуі қайтыс болғалы бері екі қызын жалғыз өсі асырап келеді. Басында баспанасы болмаған соң, пәтер жалдап күнелтіп жүр. Үй кезегіне де тұрған.

Қазір қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері отбасына көмектесіп, демеушілер тауып берген. Анықталғандай, олар пәтерақыны төлеп тұрады. Лаураның жағдайынан хабардар еріктілер де үнемі қол ұшын созып келеді.



Қалай болғанда да қызының жағдайына алаңдаулы ана оның сауығып кететініне сенеді. Өйткені Оңтүстік Кореяда осындай науқастарды емдейтіндігін естіген.

«Кешегі аптада Облыстық балалар ауруханасына Алматыдан невропатолог дәрігер келіп қарады. Ол қызымды толық тексеруден өткізіп, жағдайы өте ауыр екендігін айтты. Лаураға тез арада шетелге барып, сол жақтағы дәрігерлерге қаралу керек. Себебі, «Қазақстанда алған емнен ешбір нәтиже болмады» деген қорытынды жазып берді. Ендігі бар үмітім шетелдік дәрігерлерде», - дейді жалғызбасты ана.

Лаураның жанұясы қайырымды жандардан да көмек болса деп үміттенеді. Өйткені ертерек барып ем қабылдаса, оның жазылып кететініне сенеді.

Соңғы жаңалықтар