Қазақстандық дәрігерлер қытайлық турист әйелдің сәбиін құтқарып қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық дәрігерлер ЭКСПО-2017 көрмесіне келгенде босанған қытайлық әйелдің сәбиіне күрделі ота жасады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

«ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін медициналық қамтамасыз ету» тақырыбындағы баспасөз конференциясында Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров көрме кезінде болған оқиға туралы айтып берді.

«Қытайдан келген жүкті әйел ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Астанадағы №1 перинаталдық орталықта босанды. Өкінішке қарай нәресте денсаулығында ақаумен туған. Дәрігерлеріміз нәресте ішегі мен асқазанына реконструктивті-қалпына келтіру бойынша күрделі ота жасады. Келіншек баласымен бірге емханадан шығарылды», - деді Камалжан Надыров.

Бұдан тыс, ол ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде 8 917 адам медициналық көмекке жүгінген. Соның 7 447-сі Қазақстан азаматы болса, 1 470-і 67 елдің азаматтары. Олардың арасында Германия, Швейцария, Жапония, Малайзия, Сингапур, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы сияқты алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар болды.

Камалжан Надыровтың айтуынша, науқастардың басым көпшілігіне көрсетілген медициналық жәрдем сәтті болған, медициналық қызметтер ұйымшылдықпен, жоғары кәсіби деңгейде жұмыс істеген.

«ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің барлық қатысушылары мен қонақтарына сапалы, қолжетімді медициналық қызметтер дер кезінде көрсетіліп отырды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар