Қазақстандық белді спортшылардың жеке заттары қойылған көрме ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті музейінде еліміздің тәуелсіздігі жылдарындағы қазақстандық спорттың тарихынан сыр шертетін "Олимпиадалық қозғалыс" экспозициясы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Көрменің ашылуына ҚР ҰОК Бас хатшысы Данияр Абылғазин, сонымен қатар Жақсылық Үшкемпіров, Бақтияр Артаев, Гузель Манюрова сияқты танымал спортшылар қатысты. Шара барысында аты аталған спортшылардың, сондай-ақ, өзге де танымал қазақстандық спортшылардың жеке заттары көрмеге қойылды.

«Осы көрмеге Қазақстан спортының жетістіктерінен сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Біздің ардагерлер мен спортшыларымыздың жеңістері жас ұрпақты биік шыңдарды бағындыруға жетелеп жүр», - деді ҚР ҰОК Бас хатшысы Данияр Абылғазин.

Енді алдағы күндері көрмеге келушілер спорт ардагерлері мен ҰОК президенттерінің жеке заттарын тамашалауға мүмкіндік алады. Экспозицияда тәуелсіз Қазақстан спортшылары қатысқан әрбір Олимпиада ойындары туралы мағлұмат ұсынылған. 

«25 жыл ішінде тәуелсіз Қазақстан зор спорттық жетістіктерге жетті. Сол тарихпен осы жерде танысуға болады. Олимпиада ойындарының жарқын сәттерін тағы бір мәрте еске түсіруге мүмкіндік берген Олимпиадалық комитетке алғысымыз шексіз. Астаналықтарға, әсіресе, болашақ чемпиондар - балаларға қызықты болатынына сенімдімін», - деді Гузель Манюрова шара барысында. 

Айта кетейік, осылайша бүгіннен бастап ҚР ҰОК мерейтойына арналған іс-шаралар басталып кетті. 17 наурызда спорт ардагерлері, олимпиадашылар мен шетелдік қонақтардың қатысуымен салтанатты концерт өтпек. Көрме 2017 жылдың 2 мамырына дейін жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар