Қазақстандық балалар жазушысының романы Гарри Поттерден кем түспейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Алтын тобылғы» әдеби байқауының «Үздік балалар әдебиеті» номинациясы бойынша жеңімпазы Зәуре Төреханова Қазақстандағы балалар әдебиетінің дамуы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үздік шығарма авторы қазақстандық балалар жазушыларының әлем мойындаған шетелдік әдебиет өкілдерімен бәсекеге түсе алатынына үміт білдірді.

«Биыл «Алматы кітап» баспасы 2014 жылы «Алтын қалам» байқауында топ жарған «Әмина Тұран көшпенділер елінде» атты жазбамды сатып алды. Бұл менің «балалар мен жасөспірімдер романы» жанрындағы тырнақалды еңбегім және ол «Гарри Поттер», «Таня Гроттер» сынды шетелдік туындылардан кем түспейді деп үміттенемін. Еліміздегі балалар әдебиетінің де одан әрі дами түсетініне үміттенемін», - деді ол Астанада өткен марапаттау рәсімінде.

Сонымен бірге Зәуре Төреханова Тәуелсіздік жылдары Қазақстандағы балалар әдебиетінің кенжелеп қалғанын мойындады.

«Бізде проза, поэзия, драматургия жанрлары жақсы дамып келеді, алайда балалар әдебиеті сәл кенжелеп қалды. Балалар жазушылары өте аз, себебі бұл жауапкершілікті талап ететін өте қиын сала. Балалар - біздің болашағымыз. Олар әдеби шығармалардан өзін және отбасын көруі тиіс», - деп есептейді жазушы.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада жас әдебиетшілерге арналған дәстүрлі «Алтын тобылғы» шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жалпы жүлде қоры 5,5 миллион теңгені құрайтын бұл беделді байқауды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры биыл үшінші рет ұйымдастырып отыр. Жыл сайын «Алтын тобылғы» байқауына 18-35 жас аралығындағы жас дарындар қатысып, қомақты ақшалай жүлдеге ие бола алады .

Соңғы жаңалықтар