Қазақстандық бақылаушылар Қырғызстандағы сайлауда барынша әділдік танытады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық бақылаушылар Қырғыз Республикасындағы президенттік сайлауда барынша әділ бақылау жүргізеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанның Қырғызстандағы сайлауға араласқаны туралы шындыққа сай келмейтін мәлімдемесіне сәйкес, ол елдегі сайлауға бақылау жүргізу жұмысынан бас тарту туралы қаулы шықты.

«Біз ол жаққа аттанған өзіміздің әріптестерімізге барынша әділ болуын айттық. Қай тарапқа болмасын ешқандай баға беруге болмайтынын да. Қалай өтті солай болуы керек. Басқа ешқандай нұсқа болмауы тиіс. Сондықтан, егер халықаралық ұйымдар, нақты бақылаушылар бүкіл процесті Конституцияға және қырғызстандық сайлау заңнамасына сәйкес ойдағыдай өтті деп баға берсе, онда ешқандай мәселе болмауы керек», - дейді Марат Сәрсенбаев.

Оның айтуынша, Қазақстаннан бақылаушы жеке субъект ретінде Қырғызстандағы сайлауға қатыспайтындығына қарамастан, 46 қазақстандық бақылаушы ТМД, ДИАҚБ/ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМЫҰ миссияларының құрамында, сондай-ақ ТМД, ЕҚЫҰ, түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеяларының тарапынан бақылау жүргізетін болады.

М.Сәрсембаев өз сөзінде Қазақстан тарапына айтылған шындыққа сай келмейтін мәлімдемеге бола Қазақстан мен Қырғызстанның арасы бұзылмайтынына, екі елдің байланысы достық тұрғысында күшейе беретініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар