Қазақстандық әйелі бар Сирия азаматы елден шығарылмайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирия азаматы Ясер Альезалдин Қазақстаннан шығарылмайтын болды. 

Бұл жайында Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы №2 аудандық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таратылған мәліметке сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарында Сирия азаматы Ясер Альезалдин мен оның отбасына қатысты материал жарияланған.  Аталған материалда сот Ясер Альезалдиннің отбасына босқын мәртебесін беруден бас тартқандығы, итернационал отбасы Қазақстанда қалуға рұқсат алуы үшін жанталасып жүргендігі айтылған.

 «Бұқаралық ақпарат құралдары аталған фактіге байланысты қоғамдық пікірді өршітетін қате ақпарат жариялаған. Осыған орай Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы №2  аудандық сотының баспасөз қызметі Ясер Альезалдиннің сотқа «Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті» МБ Көші-қон полициясы басқармасының босқын мәртебесін беруден бас тарту шешіміне дауласып, шағым түсірген. 2016 жылғы 13 мамырда сот шешімімен шағымданушының талабын қанағаттандырудан бас тартылған. Мұндай шешіммен 2016 жылдың 1 тамызында Қарағанды облыстық сотының апелляциялық сатысы да  келісіп, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған. Шығарылған сот шешімі шағымданушыны Қазақстан Республикасы аумағынан шығарып жіберуге түрткі болмайды. Сонымен қатар оның Қазақстан Республикасында тұру құқығын шектемейді», - делінген аудандық сот ақпаратында.

Мұнан бөлек, таратылған ақпаратта шағымданушының өз еліне қайта оралғысы келмейтіндігі және жұбайының Қазақстан азаматшасы екендігі атап өтіліп, осыған сәйкес оның Қазақстан аумағына келу және тұру құқығын рәсімдеуге мүмкіншілігі бар екендігіне баса назар аудартқан.

Айта кетейік, бұқаралық ақпарат құралдарында Сирия азаматы Ясер Альезалдин 18 жастағы үлкен ұлымен елден депортациялануы мүмкін екендігі, ал оның жұбайы Қазақстан азаматшасы болғандықтан, оған депортация қарастырылмайтындығын жария етілген болатын. Сондай-ақ оның кәмелетке толмаған төрт баласына елден шығару шаралары қолданылмайтындығы атап өтілген еді. 

Соңғы жаңалықтар