Қазақстандық әйел Таиланд ауруханасынан елге жеткізіледі - Денсаулық сақтау министрлігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Таиландтың Паттайя қаласынан Қазақстан азаматын туған жеріне жеткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің мәліметінше, 2018 жылдың 4 сәуірінде Таиландта отбасылық демалыста жүрген 1962 жылғы Қазақстан азаматшасы (Теміртау тұрғыны) инсульт алып, Паттайя қаласының ауруханасына жатқызылған.

«Барлық қажетті медициналық құжаттама алынып, Республикалық санитарлық авиация орталығы деңгейінде комиссия отырысы өтті. Осыдан соң ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, қажетті медициналық көмек алуы үшін  отандасымызды елге жеткізуді ұйымдастыру процесі бірден басталды», - деп атап өтеді ведомстводан.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, науқас отандасымызды елге жеткізу датасы оның денсаулығына тікелей байланысты. Дегенмен, осы айдың 25-27 күндерінде оны елге жеткізу жоспарланып отыр. Ол елге жеткізілгеннен кейін Астана қаласының медициналық мекемелерінде қажетті көмек алатын болады. 

«Науқасты елге жеткізу санитарлық авиацяның арнайы бортымен жүзеге асырылады. Ұшақ қажетті медициналық құрал-жабдықпен жабдықталған, санитарлық авиация қызметінің ұтқыр бригадасы да бірге болады. Қазіргі уақытта азаматша дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынған»,  - делінген таратылған мәліметте.

Айта кетерлігі, осы жылдың басында еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі шетелде денсаулығы нашарлап кеткен Қазақстан азаматын ұшақпен алып келген еді. Науқастарды елге жеткізуге жұмсалған барлық шығындар республикалық бюджет есебінен өтелді.


Иллюстративное фото с сайта tagfly.ru

Соңғы жаңалықтар