Қазақстандық адвокатура саласына Probono тәжірибесі енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде жаңадан әзірленіп жатқан «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасына Probono тәжірибесі енгізіліп отыр. Тың тәжірибе халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына тегін заң көмегін көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақстандық адвокатура саласына енгізілгелі жатқан тың тәжірибе туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры Бақтыгүл Атағазиева айтып берді.

«Probono тәжірибесі арқылы халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына тегін заң көмегі көрсетілмек. Осал топтарға тегін заң көмегін көрсететін адвокаттар үшін ынталандыру тетіктері әзірленетін болады. Аталған институт халықаралық тәжірибелерді негізге ала отырып әзірленген. Сонымен қатар, азаматтар үшін Probono жүйесінің міндетті емес екенін атап өткім келеді. Демек, заң көмегіне мұқтаж адамның Probono қызметін қабылдауы немесе қабылдамауы өз еркінде», - дейді Бақтыгүл Атағазиева.

Сонымен қатар, департамент директоры жалпы заң жобасының маңызы туралы сөз қозғады.

«Заң жобасы қолданыстағы рәсімдердің ашықтығын, шынайылығы мен ең бастысы, заң көмегінің сапасын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған бұдан да басқа ұсыныстарды қамтиды. Жалпы жобаның  қабылдануы халыққа білікті мамандар мен қолжетімді әрі сапалы заң қызметін көрсетуді қамтамасыз етеді», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар