Қазақстандық 59 компания Иранға тауар жеткізуге дайын

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық 59 компания Иранға тауар жеткізуге дайын. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Иранмен бизнес жүргізу» бірінші сауда-экономикалық конференциясында «Атамекен» ҰКП Қазақстан Сыртқы сауда палатасының басқарма басшысы Аян Еренов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық палата тарапынан шет елге тауарын шығарғысы келетін қазақстандық экспорттаушы компаниялардың паспорттарын дайындап жатырмыз. Қазір шетелге тауар шығаруға дайын екенін ресми жариялаған 59 компанияның паспортын әзірледік. Олар стандарт пен сапа бойынша, сертификаттары жағынан да Иранға тауар жеткізуге дайын», - деді Аян Еренов.

Қазақстан нарығында тауарын өткізе алмағандарға Иранға шығуға кеңес берген Аян Еренов, бұл ретте, қаржы аудырымы жағынан бірқатар қиындықтар кездесуі мүмкіндігін ескертті.

«Кәсіпкерлерге осы арада бірнеше кеңес бергім келеді. Қазақстандық кәсіпкерлер үшін Иран бәсекеге қабілеттілігі төмен ел ретінде қарастырылады. Бұл - қате пікір. Егер компания өнімін Қазақстанда жүзеге асыра алмаса, Иран нарығына шығуды ойластырғаны жөн. Маңызды мәселеге мән бере кетейік. Сатушы мен сатып алушылар арасындағы қаржылық операциялар бойынша қиындықтар кездескен. Көптеген компаниялар Иран аумағына жүк жеткізу, оны жүзеге асыру жағынан емес, орындалған келісімшарт бойынша қаржы аудару мәселесінде кешігу жиі орын алатынын айтады. Біздің Ұлттық палатада төлем жүйесі бойынша сатып алушыдан сатушыға қаржы аудару 1,5 айға кешіккен жағдай болды. Сондықтан, осы жағына мән беруге шақырамын», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Алматыда ҚР «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар агенттігі мен Zoodel он-лайн В2В сауда алаңының ұйымдастыруымен «Иранмен бизнес жүргізу» бірінші сауда-экономикалық конференциясы өтіп жатыр.  Ұйымдастырушылар екі ел арасында мұндай шара бірінші рет ұйымдастырылып отырғанын айтады. Конференцияға Ираннан құрамында мемлекеттік орган, бизнес өкілдері, Иран Ислам Республикасының банкі, Иран-Қазақстан іскерлік кеңесі, Иран мемлекеттік экспорт-несие агенттігі өкілдері енген арнайы делегация келді. 

Соңғы жаңалықтар