Қазақстандағы жастардың басты құндылықтары қандай - сауалнама

None
None
АСТАНА. ҚазАпарат - Қазақстандағы жастардың 80 пайыздан көбі отбасылы болып, бала тәрбиелеуді басты құндылықтары деп есептейді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Еліміздің маңызды адами ресурсы - жастар болып табылады. Егер жастар «Жолдаудан не күтеді?» деген сұраққа келер болсақ, жастар ең алдымен мемлекеттің қамқорлығын қалайды. Біздің зерттеуіміз бойынша, Қазақстандағы жастардың 70 пайызы «мемлекет жастарға қамқор болуы керек» деп есептейді», - дейді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Әсем Қайдарова Астанада Президенттің 10 қаңтардағы Жолдауы талқыланған дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, Елбасының Жолдауында заманауи индустриалды қоғамның трендттері, өнеркәсіпті цифрландыру, адами капиталға басымдық беру, ағылшын тілін меңгеру секілді өзекті мәселелер есепке алынған. Әсем Қайдарова осы міндеттердің барлығы ең алдымен жастарға қатысты екенін атап өтті.

«Қазақстанда қазіргі уақытта бар халықтың 23 пайызын жастар құрайды. Мемлекет басшысының Жолдауында ең бірінші кезекте адам, адам капиталы мен оның құндылықтары алдыңғы қатарға шыққан. Жастар үшін ең басты құндылық - отбасы. Біздің зерттеуіміз бойынша Қазақстандағы жастардың 80 пайызы өміріндегі басты құндылықты - отбасы деп біледі. Алайда сауалнама барысында құндылықтардың қатарына тез баю секілді факторларды атағандар да бар», - дейді ол.

Сонымен бірге, сарапшы өкінішке қарай үйленген жастардың 35 пайызы толық емес отбасылы, яғни ажырасып кететіндердің қатарында екенін айтады.

«Қазақстанды болашақта қандай ел ретінде көресіз?» деген сауалға жастардың басым көпшілігі үш тілді меңгерген көпэтносты мемлекет ретінде көретіндерін айтып жауап берген. Нақты осы тіл меңгеру мәселесіне Елбасының Жолдауында баса маңыз берілгенін айта кеткім келеді», - деді Әсем Қайдарова.

Еске сала кетсек, Ақорданың сайтында 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы жарияланған болатын. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел алдындағы 10 негізгі міндетті атаған еді.

Соңғы жаңалықтар