Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 341.61
EUR 410.27
RUB 5.90
CNY 51.98

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар
2017 жылғы 16 қыркүйек 17:14 1440

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде еліміздегі кадрлық ауыс-түйістер жергілікті атқарушы органдарда және Ұлттық банк пен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы жүйесінде орын алды. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

***

Осы аптада Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары болып мыналар: Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Бектас Әбдіханұлы Бекназаров, Дархан Аманұлы Кәлетаев қайта тағайындалды.

Бұл ретте палатаның жалпы отырысында Президенттің ұсынуы бойынша депутаттар жасырын дауыс беру арқылы Қ.Тоқаевты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы етіп сайлады.

Заңнамаға сәйкес, Палата төрағасы орынбасарының кандидатурасын ұсынады. Сенат регламентіне орай, Сенат төрағасының орынбасары палата депутаттары арасынан жалпы санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы жалпы отырыста сайланады.

«Осыған байланысты Сенат төрағасының орынбасары қызметіне депутат Бектас Әбдіханұлы Бекназаровты ұсынамын», - деді Палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дауыс беру нәтижесінде, Бектас Бекназаров Сенат төрағасының орынбасары лауызымына қайта сайланды.

Бұдан бөлек, Дархан Аманұлы Кәлетаев сенаторлыққа қайтадан тағайындалуына байланысты ол тұрақты комитеттің құрамына сайланды. Атап айтқанда, ол Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмысын жалғастыру туралы ниет білдірді.

***

Мемлекет басшысының Өкімімен Жанат Бостанұлы Құрманов Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Соңғы тағайындауға дейін 55 жастағы Ж. Құрманов 2016 жылдың наурызынан бастап Қазақстанның қор биржасы Директорлар кеңесінің төрағасы болды.

Сонымен қатар ол «Halyk Finance» АҚ және «Халық Life»АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, Биржалық кеңесінің төрағасы, KASE тәуелсіз директоры қызметтерінен көрінді.

***

Осы аптада Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде ауыс-түйіс орын алды. Өңір әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары  лауазымына Төлеген Сәрсембаев тағайындалды .

Төлеген Қапсалықұлы 1968 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі - экономист, заңгер, гуманитарлық білім магистрі.

Еңбек жолын 1991 жылы Алматы зооветеринарлық институты «Ақсай»  оқу-тәжірибе шаруашылығының бухгалтері ретінде бастаған. 1992-2017 жылдары Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қаржы бақылау комитеті басқармасының қаржы-несиелік органдары мен валюталық бақылауды тексеру бөлімі басшысының орынбасары, валюталық бақылау бөлімінің басшысы, Алматы қаласы Түркісіб ауданы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, ҚР ҚМ СК Алматы қаласы Бостандық ауданы Салық комитеті төрағасының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша Салық комитетінің төрағасы, Түркісіб ауданы бойынша Салық басқармасының бастығы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары бойынша  Салық департаменттерінің басшысы, Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Мемлекеттік кіріс комитеті Павлодар облысы  бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы лауазымдарын атқарған.

Биыл мамыр айынан бастап Қазақстан Республикасы Білім министрлігі «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директорының орынбасары болып қызмет етіп келді.

***

Өтіп бара жатқан бұл аптада  Ақмола облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы қызметіне Талғат Жүнісов келді.

Талғат Тұрлыбекұлы 1963 жылдың 3 шілдесінде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Қарағаш ауылында дүниеге келген. Көкшетау ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик, «Фемида» заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Техника ғылымдарының докторы, академик.

Еңбек жолын туған ауылында жұмысшы болып бастаған. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ассистент, доцент, ауыл шаруашылығы институты директорының орынбасары, сырттай оқытатын бөлімшенің деканы, проректор лауазымына дейінгі қызмет жолынан өткен. ҚР Білім және ғылым министрлігінде қызмет атқарған. 2002-2008 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры, 2008-2012 жылдары Рудный индустриалдық институтының ректоры, 2012-2014 жылдары ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, 2014-2016 жылдары ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры болып қызмет атқарды.

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Ұлттық аграрлық ғылыми-оқыту орталығы» ҰАО Басқарма төрағасының орынбасары болды.

«Құрмет» орденімен, мерекелік медаль және төсбелгілермен марапатталған. 

***

Осы аптаның басында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығымен Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы болып полиция подполковнигі Жандос Мұхатов тағайындалды.

Жандос Мұхатов 1982 жылы туған. Ішкі істер органындағы қызметін 2003 жылы тергеуші болып бастаған. «ІІ дәрежелі Айбын» мемлекеттік наградасына ие. Осы уақытқа дейін Павлодар облысының ІІД Шарбақты аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарып келді.

***

Бұл аптада Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев «Атырау» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясының ұжымына жаңа басшы Марат Түсіпқалиевті таныстырды.

Марат Түсіпқалиевтің экономика жəне менеджмент, мұнай-газ кен орындарын пайдалану салаларында екі жоғары білімі бар, сондай-ақ Женева бизнес жəне халықаралық зерттеулер университетінің магистрі дәрежесіне ие.

Еңбек жолын 1998 жылы Астана қаласында "Қазақойл" ұлттық мұнай компаниясының өндірісті басқару департаментінде жоба менеджері қызметінен бастаған. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясында мұнай мен газды өндіру департаментінің менеджері болған. 2003-2007 жылдары Астана қаласында "Қазақтүрікмұнай" ЖШС мұнай жəне мұнай өнімдерін сату департаментінің директоры лауазымын атқарған.

2007 жылы мемлекеттік қызметке келіп, Бөрілі ауданы əкімінің орынбасары болды. Шағын жəне орта бизнес мəселелеріне жетекшілік етті. 2007-2012 жылдары Орал қаласы əкімінің орынбасары қызметін атқарды. Қаланың өнеркəсіптік кешенінің дамуына, тұрғын үй-коммуналдық қызметке жауапты болды.

2012-2016 жылдары Бөрілі ауданының əкімі, 2016-2017 жылдары "Альтаис групп" ЖШС  бас директорының орынбасары болды.

***

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып Рашид Күзембаев тағайындалды.

Рашид Талапұлы 1969 жылы 7 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Мәскеудегі  Жоғары экономика мектебінде іскерлік басқару магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолын «Алтын Алма» АҚ экономикалық сараптама бөлімінің басшысы болып бастады. Әр жылдары ҚР Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бас маманы, комитеттің Қаржы және бухгалтерлік есеп бас басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, Қаржы және экономика департаменті бас директорының орынбасары, директор және бас директордың кеңесшісі болды. «Қазақстан темір жолы» АҚ аппаратының басшысы қызметін атқарды.

2001 жылдан ҚР Көлік және коммуникация министрлігі аппаратының басшысы, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы одағының вице-президенті, «DALA GROUP» АҚ бас директорының кеңесшісі және атқарушы директоры, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшы орынбасары болып жұмыс істеді.

«Ерен еңбегі үшін» медальмен және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгімен марапатталған.

***

Ағымдағы аптаның соңына қарай Қайсар Жаңаханов «Литер» ЖШС директоры, «Литер» газетінің бас редакторы болып тағайындалды.

Қайсар Жаңаханов 1972 жылы дүниеге келген, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген.

Бұған дейін ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетикалық кешені ұйымдары қауымдастығының атқарушы директоры, «Рауан Медиа Групп» АҚ ақпарат-талдау орталығының директоры - бас директор орынбасары, «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Нұр-Медиа» медиахолдингінің бас директоры, 2011-2012 жылдары «Астана» телеарнасының бас директоры, 2012-2014 жылдары «Литер» газетінің бас редакторы, «Литер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, 2012 жылдың ақпанынан мамыр айына дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі баспасөз қызметінің басшысы, 2014 жылдың қазанынан бастап «Қазпресс» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарған.

 

 

 

 

 

 

 

Басты сөздер: Тағайындау,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер