Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 340.35
EUR 405.46
RUB 5.87
CNY 51.64

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар
2017 жылғы 10 қыркүйек 14:27 542

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптадағы кадрлық ауыс-түйістердің басым бөлігі өңірлерде орын алды. Одан бөлек, Асқар Оразалыұлы Шәкіров Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне сайланса, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа басшысы болып Шамшаддин Паттеев тағайындалды. «ҚазАқпарат» ХАА апта ішінде жасалған тағайындауларға шолу жасайды.

4 қыркүйек күні ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Асқар Оразалыұлы Шәкіров Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне сайланды. А. Шәкіров 1956 жылы 2 ақпанда Қарағанды қаласында туған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка институтын, КСРО ІІМ академиясының күндізгі адьюнктурасын бітірді. Заң ғылымдарының кандидаты. Ағылшын және қытай тілдерін меңгерген. Бірінші санаттағы Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық рангісі бар. Әр жылдары КСРО Ішкі істер министрлігінің жүйесінде, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер және Қаржы министрліктерінде қызмет еткен.

Сондай-ақ бұл аптада Қарағанды облысы әкімдігінде де кадрлық өзгерістер болды. Онда облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары лауазымына ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде жұмыс істеген Болат Байкенов тағайындалды. Бұл лауазымда ол корреспонденцияны бақылау, заңдық сүйемелдеу мәселелеріне жетекшілік етеді. Б.Байкенов Орталық-Азия университетін, Қарағанды экономикалық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған, экономика және бизнес бакалавры. Мемлекеттік қызметте 2010-шы жылдан бері жұмыс істеп келеді. ҚР Президентінің Іс басқармасында қызмет еткен. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде басқарма басшысы болған. 2013-ші жылдың қыркүйегінен бастап осы күнге дейін ҚР Премьер-Министр Кеңсесінде кеңесші, заң бөлімінің сектор меңгерушісі, секретариаттың бас инспекторы қызметтерін атқарған. 

Шығыс Қазақстан облысында екі бірдей басқармаға жаңа басшы тағайындалып, облыстық әкімдікке жаңадан тағайындалған баспасөз хатшысы таныстырылды.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің өкімімен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне бұған дейін ветеринария басқармасының басшысы болған Асқар Шәкенұлы Жақыпбаев тағайындалды.  Асқар Жақыпбаев 1963 жылы 22 қазанда Аягөз ауданы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол 1986 жылы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, 2005 жылы Алматы экономика және статистика академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Аягөз ауданының Мыңбұлақ совхозында құрылыс саласының жұмысшысы ретінде бастаған. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, ветеринария саласында жұмыс істеген.

Сондай-ақ, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы лауазымына аталмыш басқарманың табиғатты қорғау бағдарламаларын іске асыру жөніндегі басшысының орынсабары болып еңбек еткен Медет Нұрмолдаұлы Нұрғалиев тағайындалды. Ол 1978 жылы 2 қарашада Ұлан ауданының Асубұлақ кентінде дүниеге келген. 1998 жылы Өскемен политехникалық колледжін «техник-технолог» мамандығы бойынша, сондай-ақ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ды «инженер-экономист, менеджер» және «инженер-эколог» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын монтаждаушы болып бастаған.  2002 жылы Өскемен қаласы бойынша салық комитетінде салық инспекторының міндетін атқарушы, одан кейін салық комитетінің инспекторы, сондай-ақ облыстық табиғатты қорғау бағдарламаларын іске асыру басқармасында және Шығыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаментінде бас маман қызметтерін атқарды.

Одан бөлек, ШҚО әкімі аппаратына баспасөз қызметінің жаңа жетекшісі болып Есенжолов Нұржан Ерғалиұлы тағайындалды. Н. Есенжолов 1985 жылы Семей қаласында туған. 2007 жылы Семей мемлекеттік  педагогикалық институтын «Тарих» мамандығы бойынша және 2009 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетін «Заң» мамандығы бойынша аяқтаған.  Семей мемлекеттік  педагогикалық институтының «Тарих» мамандығы бойынша магистрі. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, Ұлыбритания мемлекетінің Шеффилд университетінің «Мемлекеттік саясат және басқару» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған.  Еңбек жолын 2007 жылы М.Әуезов атындағы университеттің «Тарих» пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейінірек Семей қаласы әкімі аппаратында түрлі лауазымда қызмет атқарды.

Сонымен бірге, 8 қыркүйекте «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа басшысы болып Паттеев Шәмшидин Әшенқожаұлы  тағайындалды.

Шәмшидин Әшенқожаұлы Паттеев 1960 жылы 12 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1984 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1988-1991 жылдар аралығында «Өнер» баспасында - редактор, 1991-1994 жылдар аралығында «Алдаспан» жастар шығармашылық бірлестіктері қауымдастығының бас директоры болып қызмет атқарған. 1997 жылдан бері халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы болып қызмет етеді. Осы уақыт аралығында ол қалыпты газет шығаруға ұйытқы болып қана қоймай, басылымның жаңа тұрпаттағы келбетін жасады. Газет бетінде түрлі қоғамдық мәселелерге салиқалы сараптама жасауды тілшілерден үнемі талап етіп отыратын басшы ретінде ол «Түркістан» газетінің республикалық қазақтілді газеттер арасындағы абырой-беделін жоғарылатып, басылым танымдылығын арттыра түсті. Ш.Пәттев Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.

 

 

Басты сөздер: Тағайындау,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер