Қазақстандағы тұңғыш ЖЭК аукционына БАӘ инвесторлары шақырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Әбу-Даби инвесторлары мен қаржы институттарын елімізде өтетін жаңартылатын энергия көздерінің аукционына қатысуға шақырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр бастаған қазақстандық делегация 13-14 қаңтарда Әбу-Даби қаласында (Біріккен Араб Әмірлігі) жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA - International Renewable Energy Agency) VIII сессиясына қатысты. Ассамблеяның алғашқы күнінде Қанат Бозымбаев сөз сөйлеп, Қазақстан әлемдегі жетекші көмірсутегі өндірушілерінің бірінен «жасыл» экономика моделіне көшу үдерісінде екенін атап өтті. Министрдің сөзіне қарағанда, 2009 жылы қабылданған жаңартылатын энергия көздерін қолдау тетіктері ЖЭК нарығын жоспарлы түрде іске қосуға мүмкіндік берген.

«Биылдан бастап тұңғыш ЖЭК аукциондарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, инвесторларға, қорларға және қаржы институттарына Қазақстандағы жаңартылатын энергия аукциондарына қатысуға шақырамын. ҚР Энергетика министрлігі аукцион жеңімпаздарын іріктеу үшін бейтарап процедураны қамтамасыз етеді, жеңімпаздарға PPA келісімшартын жасасып, жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде де жан-жақты қолдау көрсететін болады» - деді министр.

Сондай-ақ Ассамблея сессиясы аясында Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында күн электр станциясын (14 МВт) салу бойынша «Задария» жобасын қолдау үшін ҚР ЭМ, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен француздық «URBASOLAR» арасында келісімге қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар