Қазақстандағы тағайындаулар: Сарапшылар не дейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы аптада елімізде бірқатар ауыс-түйістер болды. Атап айтқанда, экс-министр Нұрлан Ермекбаев бұрынғы қызметіне қайта оралды. Ал оның орнына Парламент Сенатының депутаты Дарxан Кәлетаев келді. Сарапшы мамандардың сөзіне қарағанда, Нұрлан Байзақұлын Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің xатшысы қызметіне жайдан-жай қайтарып жатқан жоқ, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен, осы аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Ермекбаев Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі қызметінен босатылып, ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалды. 2016 жылы Нұрлан Байзақұлы дәл осы қызметтен жаңадан құрылған министрлікке барған болатын. Сөйтіп, оған жауапты міндет жүктелді. Сарапшы мамандардың сөзіне қарағанда, экс-министр өзінің міндетін абыроймен атқарып шықты. Ал оның Президент Әкімшілігіне қайта баруын қызмет бабының көтерілуі деп санауға болады.

"Шыны керек, Нұрлан Ермекбаев оңай уақытта тағайындалған жоқ. Жаңа министрлікке үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамды реттеу міндеті қатар жүктелсе де, ол ведомствоның түпкілікті мақсаты діни аxуалды қадағалау, деструктивті және радикалды идеологиялық ағымдарға жол бермеу еді. Меніңше, дәл осы жұмыс ойдағыдай атқарылды. Сондықтан Нұрлан Байзақұлын бұрынғы қызметке қайтаруды оның жетістіктерін мойындау деп түсіну керек. Оған жүктелген міндетті табысты орындаудың белгісі болса керек. Нұрлан Ермекбаев жаңа министрліктің жұмысын жолға қойып, сарапшылар қауымдастығымен де өзара қарым-қатынас орната білді", - дейді саясаттанушы Асқар Нұрша.

ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы, саясаттанушы Оразғали Селтеев те Нұрлан Ермекбаевтың өз миссиясын орындап шыққанын ерекеш атап өтті.

"Оның  негізгі міндетіне елдегі дін саласын ретке келтіру кірсе, басты жобасы 2020 жылға дейінгі діни саясат тұжырымдамасын әзірлеп, діни қызмет мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу болды.  Аталған заң жобасы бүгінде Парламент қарауында жатыр.  Министрліктің қызмет аясына діннен бөлек мемлекеттің азаматтық қоғам және жастар саясатымен өзара байланысы кірді. Алайда, Нұрлан Ермекбаев өз жұмысында дін саласын реттеуге барынша басымдық берді", - дейді О.Селтеев. Осыдан кейін экс-министр бұрынғы орнына - бірінші эшелондағы саясаттанушылар мен мемлекеттік менеджерлер тобына қайта оралып отыр.

Дарxан Кәлетаевты да министр қызметіне жайдан-жай қойып отырған жоқ. Экс-сенатордың келуімен министрліктің жұмысы жаңа қырынан дамып, сәл өзгеруі мүмкін.

"Мәселе мынада, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстан кейін министрліктің қызметі гуманитарлық-идеологиялық сипатқа қарай ығысуы тиіс. Ал Дарxан Кәлетаевтың жұмыс тәжірибесін, соның ішінде "Нұр Отан" партиясындағы қызметін ескерсек, өзіне жүктелген жаңа міндеттерді сапалы орындай алады деген сенім бар", - деп атап көрсетті А.Нұрша.

Ал сарапшы Оразғали Селтеевтің ойынша, Дархан Кəлетаевтың алдағы міндеті - жастар саясаты мен үкіметтік емес сектордың өзара іс-қимылына бас назар аудару.

«Дәл осы салалар бүгінгі күні әдістерді күшейту мен қайта қарауды талап етеді. Ал ол үшін оның тәжірибесі жеткілікті. Дархан Кəлетаев ұзақ уақыт бойы идеологиялық блогпен тікелей жұмыс істеді. Кезінде ол жастар саясаты жөніндегі өкілетті органға басшылық жасап, бұл салаға Президент Әкімшілігінде жетекшілік еткен еді», - деп атап көрсетті О.Селтеев.

Нұрлан Ермекбаевқа дейін Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің xатшысы болған Владимир Жұмақанов жаңа қызметке әлі тағайындалған жоқ. Онымен бірге ҚР Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин де қызметтен босатылған болатын. Оның орнына Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болған Талғат Донақов барды. Сарапшы мамандардың айтуынша, Жоғарғы Сот Кеңесінің жаңа төрағасы осы саладағы реформаларды іске асыруы тиіс. Ал, ең бастысы, ол сот жүйесінің жұмысына жаңа серпін береді деген үміт бар. Айта кеткен жөн, Талғат Донақовтың Президент Әкімшілігіндегі орнына Әлия Рақышева келді. Бұған дейін ол ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі болған.

Ағымдағы аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен тағы бір тағайындау болды. Әлімхан Есенгелдиев Қазақстан Республикасының Ауғанстан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. Аймақтарда да бірқатар ауыс-түйістер болды. Атап айтқанда, Қарағанды облысы бойынша қазынашылық департаментінің жетекшілігіне Ерлан Тюлюпов қойылды. Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы лауазымына Арман Өтеғұлов тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар