Қазақстандағы өзбек ағайындар латын әліпбиіне көшуді қуана қабылдады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетінін естігенде Қазақстандағы барлық өзбек ағайын қатты қуанды. Бүгін Алматыдағы Достық үйінде өткен дөңгелек үстелде Өзбек ұлттық мәдени орталығының төрағасы Абдулла Исматуллаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматыдағы Достық үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі мәселесіне арналған Өзбек мәдени орталығы мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясындағы этно-мәдени бірлестік басшылары мен мүшелері қатысты. Жиында басты баяндама жасағандардың бірі Өзбек ұлттық мәдени орталығының төрағасы Абдулла Исматуллаев латын әліпбиіне өту түркі тілдес бауырлардың қарым-қатынасын күшейте түсетінін айтты.     

«Президентіміз айтқан «Рухани жаңғыру» мәселесін бүгін Қазақстандағы өзбек этно-мәдени бірлістігі мүшелерімен талқылау үшін бас қосып отырмыз.  Халықтың пікірін тыңдадық. Қазақстандағы өзбектер латын әліпбиіне көшуді қос қолдап құптап отыр.  Өзбекстан халқы латын әліпбиіне осыдан 20 жыл бұрын өткен болатын. Олардың басынан өткен тәжірибесін зерделеп, көрген қиындықтарынан сабақ алу мәселесін айттық. Сонымен қатар, түркімен, әзербайжан, түрік бауырларымызбен қарым-қатынасымызды дамыта түседі деген сенімдеміз», - деді Қазақстандағы Өзбек ұлттық мәдени орталығының төрағасы Абдулла Исматуллаев.

Сондай-ақ ол латын әліпбиі оқулық мәселесінде де отанымыздағы өзбек ағайындардың түйткілді мәселесін шешетінін айтты.

«Қазақстандағы өзбек мектептерінің үлкен мәселесінің бірі әліпби айырмашылығында еді. Оқушыларымыз өзбек тіліндегі әдебиеттерді оқуда қиналатын. Ал енді қазақ тілі латын әліпбиіне өтсе, осы олқылықтың орны толар еді. Бір-екі әріптегі өзгешелік ол аса қиындық туғызбас. Сондықтан, өзбек халқы латын әліпбиіне өту туралы жаңалықты естіген күннен бастап, оны қуана қолдады», - деді Қазақстандағы Өзбек ұлттық мәдени орталығының төрағасы Абдулла Исматуллаев.

Соңғы жаңалықтар