Қазақстандағы осы аптадағы кадрлық тағайындаулар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агентігі Қазақстанда осы аптада болған тағайындаулар туралы ақпаратты ұсынады.

Аптаның басы Жазушылар одағының басшылығындағы ауқымды өзгерістерден басталды. Қазақстан Жазушыларының 15-ші құрылтайында жаңа төраға сайланды. Жазушылар одағы мүшелерінен іріктеліп алынған 150 жазушы дауыс берді. Мінбеден сөз сөйлеген ақын-жазушылар Ұлықбек Есдәулеттің ұйымдастырушылық қабілетіне тоқталып, оның кандидатурасына бірауыздан қолдау білдірді.

ҚР Білім мен ғылым министрлігінің де басшылығында ауыс-түйіс бар. ҚР Үкіметінің қаулысымен Талғат Ілиясұлы Ешенқұлов уақытша, Эльмира Амангелдіқызы Суханбердиеваның бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы кезеңінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалды. Талғат Ешенқұлов 1978 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.

1999 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2000 жылы - «Қайнар» университетін, 2010 жылы - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Экономист, заңгер, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, мемлекеттік және жергілікті басқару бағыты бойынша доктор (PhD) біліктілігіне ие. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сөйлейді.

Тағайындалғанға дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Сондай-ақ, СҚО-да энергетика және ТКШ басқармасына жаңа басшы келді. Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмi Құмар Ақсақаловтың өкiмiмен Андрей Владимирович Калиничев «СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» КММ-нiң басшысының м.а. болып тағайындалды.

Андрей Владимирович Солтүстiк Қазақстан облысының тумасы, 1969 жылы туған. Мәскеу қаласының энергетика институтын инженер-жылу энергетик мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1995 жылы 2-ЖЭО қазандықтардың машинисi болып бастаған.

1996 жылдан 1999 жылға дейiн «Колос» АҚ-да инженер-жылу энергетик болып жұмыс iстедi. 1999 жылы Петропавл қаласының қалалық коммуналдық жылу желiсiнiң жөндеу қызметiнiң инженерi болды.

2015 жылдан бастап осы тағайындауға дейiн «Энкон Север» ЖШС-ның атқарушы директоры лауазымында қызмет еттi.

Осы аптада сонымен қатар, Жамбыл облыстық Туризм басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Жамбыл облысы әкімнің өкімімен өңірдегі Туризм басқармасының басшысы қызметіне Аралбекова Қарлығаш Әмірқызы келді.

Аралбекова Қарлығаш Әмірқызы 1977 жылы туған, білімі жоғары. 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. 2003 жылы Абай атындағы Алматы Университетінің экономика (қаржы және несие) магистрі біліктілігі мен академиялық дәрежесі берілді.

Еңбек жолын 2003 жылы Алматы қаласында «Аlex Stewart International Corporation» ЖШС-да менеджер болып бастаған.

2004 жылдың шілде-желтоқсан айлары аралығында «Бетта Стар» ЖШС-нің несие менеджері; 2005 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында «Алматы Құс» АҚ-да несие менеджері; 2005-2009 жылдары «АТФ Банк» АҚ-ның Шағын және орта бизнес департаментінің бас маманы, басқарма бастығы, өңірлік менеджері, «АТФ Банк» АҚ-ның Талдықорған қаласындағы филиалының директоры; 2009-2012 жылдары «Альянс Банк» АҚ-ның Шағын және орта бизнес департаментінің басқарма бастығы, департамент бастығы; 2012-2015 жылдары «Альянс Банк» АҚ-ның және «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның Тараз қаласындағы филиалдарының директоры.

2015-2017 жылдары Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры қызметін атқарған.

2017-2018 жылдары Жамбыл облыстық Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы болды.

Апта соңында «Астана» футбол федерациясының отырысы өткізіліп, конференцияның делегаттары өз өтініші бойынша АФФ президенті Лашин Аймағамбетовтың өкілеттігін тоқтатуға дауыс берді. Федерацияның жаңа басшысы етіп бәрі бір ауыздан Мәлік Хасеновті таңдады.

«Бұрынғы басшының атқарған жұмысына зор алғысымды білдіремін. АФФ жобаларының ауқымы құрметке лайық. Экономист ретінде әрбір идея материалдық тұрғыда қолдау табу керек екенін білемін. Басталған істі жалғап, алға ғана жылжи беретінімізге сенімдімін», - деді АФФ жаңа басшысы.

Федерацияның атқарушы комитетінде де өзгерістер бар. Александр Коночкиннің өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін «Астана» футбол клубының атқарушы директорлығына Қайсар Бекенов келді.

Соңғы жаңалықтар